"Қазақ қызы" дер кезінде шыққан журнал-Қ. Жұмаділ

АЛМАТЫ. 11 наурыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қыз-келіншектерге арналған республикалық "Қазақ қызы" журнал дер кезінде шыққан журнал.

Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік және тәуелсіз "Тарлан" сыйлығының иегері Қабдеш Жұмаділ бүгін Алматыда аталмыш журналдың тұсаукесер рәсімінде осылй айтты.

"Тұсаукесер - бұл қоғамдағы үлкен жаңалықтардың бірі. Жаңа басылымның өмірге келуі, жаңа пікірдің айтылуы рухани дүниеге қосылған соны құбылыс пен үрдіс. "Қазақ қызын" оқып шығып, дер кезінде шыққан журнал екен деген ойға қалдым. "Қазақ қызы" деген сөздің айналасында отбасы, әсемдік, сұлулық, сән, дәстүр, сана деген сияқты қаншама тақырыпты қозғауға болады. Бұл күнде әйелдер қоғамды ұстап тұрған үлкен күш қой. Олар сан жағынан да көп екен", - дейді Қабдеш Жұмаділ.

Жазушының айтуынша, қазақ қызы - адамдарды тартып тұратын сарқылмайтын үлкен тақырып. Қыз өсіру, гүл өсірумен бірдей. Қазақ қызы - идеялардың ортақ түйіні.