Бір жарым миллиард қытайдың арасынан суырылып шығып, киноға түсу оңай емес! Жат жұртта дүниеге келіп, сол елде ғұмыр кешіп жатса да, қазақтың атын асқақтатып жүрген қаракөзіміз әлдеқашан өзін дәлелдеп үлгерген. Жұлдыздай жарқыраған жас таланттарды таныстыратын әдеттегі дәстүріміз бойынша актриса Риза Әлімжанқызы турасында оқырманға жеткізуді жөн көрдік, деп жазады «Нұр Астана» басылымы..
Қытай астанасы Бейжің қаласында 1986 жылы жарық дүние есігін ашқан Риза бала күнінен әдемілікке құмартып өсті. Ойын баласы кезінде-ақ анасының көйлектері мен біз өкшелі аяқ киімін киіп алып, «мен халық әртісімін, қол соқпасаңдар, шықпаймын» деп назданатын. Сұлулыққа жаны құштар қағылез қызды арманы алдамапты. Небәрі он бес жасында 10-сынып оқушысы өзін сәндік қырынан танытып, танымал брендтің жарнамасына түсті. «Бағыңды сынап көрсеңші» деп ұсыныс айтқан әдебиет пәнінің ұстазына әлі күнге алғысы шексіз. Камера оны ерекше сүйетін. Осылайша, оның жұлдызды сәті басталды.
Алайда, болмысынан атақ-даңққа құмартпайтын Риза өз қатарластарынан ерте есейсе де, «жұлдыз ауруына» шалдықпады. Алғыр да талантты қыз жоғары білім алуға ұмтылды. Дегенмен, бәсекесі көп кино саласында білім аламын деген ой үш ұйықтаса түсіне де кірмепті. Институтқа түсуінің өзі қызық.
Бір жолы әдеттегідей жарнамаға түсуге анасымен бірге бара жатқан сәнқой қыздың көзі үлкен қаладағы кино
Кинокамера алдындағы тұсауы 2010 жылы «Зағиптар театрханасы» фильмінде кесілді. Фильмде зағип қыз - Шиау Оудың ішкі күйзелісі мен арпалысын шынайы көрсеткен қазақ қызының өз көрермені қалыптасты. Басқа әлемде күн кешкен бейбақ зағиптің жан дауысын жеткізу оңай емес-ті. «Әр рөліме жаңаша көзқараспен, басқаша талғаммен және басқа адам ретінде келемін. Себебі, экран шынайылықты сүйеді. Маған Шиау Оудың рөлін ұсынғанда, екі күн бойы көзімді байлап алып, қараңғы қалыпта жүрдім. Осылайша, өзімді сынақтан өткіздім. Себебі, кейіпкерді алып шыға алам ба, жоқ па деген күдік басым еді», деп ағынан жарылды Риза.
Шиау Оуды сәтті сомдаған соң, режиссерлер де сенім білдіретін болды. Кезекті рөлдерге ұсыныс та бірінен соң бірі түсіп жатты. «Қанат ұшқан сайын қатаяды» деген рас екен. Сол жылы Ризаға «Карта ашамын» атты көркем туындыда Цун Зуозуоның рөлі бұйырды. 2011 жылы «Жалғандықпен күрес» комедиясында Жаң Лин бейнесінде де сәтті көрінді.
Кино әлемінде Ризаның бағын ашқан кейіпкердің бірі - «Жын Шуан хикаясындағы» Лан И еді. Достарының қолқа салуымен телехикаяға түсуге келіскен Лан Идің рөлі Ризаның оңтайына келді. Бір қызығы, екеуінің тағдыры ұқсас. Түсірілім барысында сәйгүліктің құлағында ойнауды да үйренді. Біздің кейіпкеріміз де ақылды, зерек, қарапайым әрі өз сүйгені үшін бар өмірін арнаған Лан И секілді махаббаты үшін құрбандыққа дайын. Алғашқы түскен сериалы болғандықтан, бойы үйренісе алмаған тұстары көп болғанымен де қиындықтарды жеңіп, үлкен сабақ алдым дейді.
Тумасынан жаны да, тәні де сұлу талдырмаш бойжеткен қайбір жылы қытайлық «Ruili Fashion Pioneer» сән журналы өткізген мемлекеттік деңгейдегі конкурста «Ең тартымды әртіс» аталымын да иеленді.