"Қазақ қызы" журналының таныстырылымы болды.

АЛМАТЫ. 11 наурыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақ баспасөзі тағы бір журналмен толықты. Бүгін Алматыда қыз-келіншектерге арналған республикалық "Қазақ қызы" журналының таныстырылымы болды.

"Қазақ қызына тәрбие беретін, рухани байлық беретін бірде-бір басылымның жоқтығы жанымды жабырқатты. Қазақ қызының бет-бейнесі неге жоғалып бара жатыр деген ой мазалап, алдыңғы толқын ағалардан кеңес сұрадық. Ең алдымен марқұм Әзілхан Нұршайықов ағамызға барған едік, бірден риза болып осы тақырыпты қолға алатын қыздарымыз табылды деп қуанды. Қазақ қыздары пәк махаббатың символы болған. Оларды үлгі-өнеге етіп көрсететін балалар табылды ғой деп ақ батасын берді", - дейді "Қазақ қызы" журналының шығарушысы Еңлік Ерболқызы.

Оның айтуынша, бүгін 6-шы нөмірі шығып отырған бұл журнал 2010 жылдың қазан айынан бері жарық көріп келе жатыр. Қазір таралымы 7 мың данаға жетті. "Қазақ қызы" журналы иесінің сөзіне қарағанда, бұл басылымды шығару оның бала кезден бергі іштегі үлкен арманы болған. Ол қазақ қызын қоғамға үлгі-өнеге етіп насихаттасақ деген ойдан туған дүние болып отыр.