Қазақ мектебі қауқарсыз емес - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Қазанның 1-і. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қазанның 1-і,  бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Қазақстан, Түрікменстан және Иран теміржолдарымен жалғасатын «Өзен-Түрікменстан мемлекеттік шекара» жаңа теміржол желісінің құрылысы басталды. Бұл жоба экономикасы күн санап қарыштап дамып жатқан еліміздің әл-ауқатының жақсаруына болашақта айтарлықтай өзіндік септігін тигізеді деп күтілуде. Атырау облысында іссапарда жүрген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев телекөпір арқылы осы теміржол магистралінің құрылысын бастауға пәрмен берді», деп жазады «Айқын» басылымы. Осы жәйтті қаузайтын мақаланы басылымның бүгінгі санынан «Теміржол Түрікменстан, Иран арқылы Парсы шығанағына шығатын болды» деген тақырыппен берілген мақаладан оқуға болады.

 «Казахстанская правда»  газеті Мемлекет басшысының Атырауға сапарын «Ілгерілеудің магистралды бағыты» деген тақырыппен берген.

 «Қазақстан ғылымына жаңа серпін қажет». «Айқын» басылымының бейсенбілік нөмірінде осы тақырыппен жарық көрген мақала кеше Астанада Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары М.Әшімбаевтың төрағалығымен өткен «Қоғамдық-гуманитарлық саладағы институттардың қызметі» атты жиынға арналған. Жарияланымда «мектеп оқулықтарындағы қаптаған қателіктер оқытушылар мен ата-аналардың тарапынан наразылық тудыруда. Қазақстан тәуелсіз мемлекет екендігіне қарамастан, көптеген әдебиеттерді көрші мемлекеттерден, оның ішінде Ресейден алуды қоятын емеспіз. Бұл оқулықтардың кейбірінде біздің көзқарасқа сәйкес келмейтін мазмұндар болуы мүмкін», деген М.Әшімбаевтың сөзі келтірілген.

***

 Осы басылымда «Алматы қашан 1000 жылдығын тойлайды» деген мақала жарияланды. Онда 2004 жылы сол кездегі қала әкімі В.Храпуновтың бастамасымен Алматының 150 жылдығы атап өтілгендігі, оған қалың қауымның «Алматының кем дегенде 1000 жылдық тарихы бар» деп қарсылық білдіргені айтыла келіп, таяуда орыс тілді басылымдардың биыл қаланың 155 жылдығы деп жар салғандығы айтылған. Сонымен қатар басылым тілшісі Алматының Алматы болғанына арысы 9 мың жылдан, берісі 3 мың жылдан асып кеткен деген пайымдауын түрлі тарихи деректерге сүйене отырып дәлелдейді.

***

«Астана ақшамы» газетінің бүгінгі санында «Өнерлі өрендер жеңісі» атты мақала жарық көрді. Онда балалар шығармашылығының халықаралық Азия фестивалінде жеңімпаз атанған қазақстандық өрендер сейсенбі күні елордаға жиналып, Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетовтың қолынан тиесілі жүлделерін алғандығы жазылған.

 Осы тақырып төңірегінде «Вечерняя Астана» газеті де мақала берген.

 «Соңғы кездері пәтерлерінде электр энергиясын, ыстық суды тұтынушылар тарапынан «Астанаэнергосбыт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атына шағым айтушылар қатары көбейіп келеді. Бір қарағанда, бұл өзі тұтынушы мен қызмет көрсетуші арасында соншалықты айтыс-тартыс туғызатындай да шаруа емес сияқты көрінеді», деп жазады «Астана ақшамы» газеті. Мақаланың егжей-тегжейімен басылымның бейсенбілік санында жарық көрген «Тұтынушы «желініп» тұр» атты мақаладан таныса аласыздар.

 Сондай-ақ осы басылымның бүгінгі санында елорда тұрғындары өздерін мазалап жүрген сауалдарға қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтен жауап алған. 

***

«Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаевтың «Қазақстан - болашаққа ұмтылған ел. Ұлттық көшбасшы факторы» атты кітабы жарыққа шықты. Сейсенбіде өткен тұсаукесер рәсіміне жиналған көрнекті қоғам қайраткерлері жаңа кітаптың қазіргі қоғамдағы алар орны туралы түйінді ойларын ортаға салды», деп жазады «Нұр астана» газеті.

 «Қазақ мектебі қауқарсыз емес». Осы тақырыппен «Нұр Астана» басылымы бір ата-ананың «Қазақша сөйлесін деп, қазақ балабақшасына беріп едім. Онымен балабақшадағылар қызыма қазақша үйретіп жарытпады. Енді мектепте алған білімі тәуір болсын деп орыс сыныбына бердім» деген пікіріне орай қазақ мектептерінің жай-күйіне шолу жасаған. «Қараңыз, осы жылы Халықаралық олипиадалар мен ғылыми жарыстарға Астанадан 81 бала қатысып, олар еліміздің қоржынына 18 алтын, 30 күміс, 45 қола медаль салыпты. Астана қалалық «Дарын» орталығы директорының орынбасары Ләззат Төлеубекқызының айтуынша, халықаралық білім бәсекесінде еліміздің мерейін үстем еткен сол 81 баланың  59-ы қазақ мектебінің оқушылары», деп жазады басылым.

***

Ал «Экономика» басылымы «Жалпы нарыққа негізделген экономикада жұмыссыздық аз болуы керек. Кәсіпкерлік қызметтің еркіндігі өндірістің ұлғаюына жол ашады, сұраныс ұсынысты реттейді. Бәсекелестік артса, баға төмендейді. Сапа орнығады. Біз әлі күнге дейін өз-өзімізді киім-кешекпен, азық-түлікпен қамтамасыз ете алмай отырғанымыз жалған емес. Өңдеу өнеркәсібі туралы жиі мәселе көтереміз, бірақ әлі күнге дейін нәтиже шамалы», - дей келе, отандық өнім өндірісін арттыру және сапаны көтеру мәселелеріне үңілген. Бұл турасында  «Алтын сапа» - кәсіпкерді алға сүйрейді» атты мақаладан оқуға болады.


«12 адамның өмірін қиған Алма-Арасан шатқалындағы қайғылы оқиғаның себебі анықталды», деп жазады «Комсомольская правда» газеті.

Атап айтқанда, жеңіл көлікті, экологиялық бекетті және шатқалдағы аялдаманы қаққан жүк көлігінің жүргізушісі рөлде келе жатып инфарктан қайтыс болған. ҚР ІІМ Жол полициясы комитеті баспасөз қызметінің бастығы Мұрат Айтымбетовтың айтуынша, жүргізушінің кенет ұстаған жүрек талмасы осы қайғылы оқиғаға басты себеп болған.

«Литер» газетінде жарық көрген «Бірлескен рейд» атты мақалада «Нұр Отан» ХДП-мен ҚР ІІМ сыбайлас жемқорлықпен күресте бірлесе қимылдайтындығы жазылған.

Бұл туралы Астанада партия төрағасының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаев пен Ішкі істер министрі Серік Баймағамбетовтің меморандумға қол қоюы барысында белгілі болған.

«Казахстанская правда» газетінде Әзірбайжанның Қазақстандағы елшісі  Лятиф Гандиловтың сұхбаты берілген. Екеуара әңгіме Мемлекет басшысының Әзірбайжанға жасалатын ресми сапарына арналған.

Естеріңізге сала кетейік, қазанның 2-сінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Бакуде болады, ал келесі күні  Нахичеваниде Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммиті басталады. Әзірбайжандық дипломаттың сөзіне қарағанда, қазақстандық көшбасшының осы сапары барысында энергетика және транзит аясындағы мәселелер қарастырылатын болады.