Қазақ мемлекеттік циркінің ашылғанына 24 шілдеде 45 жыл толады. Осы мерекеге орай екі бөлімнен тұратын мерейтойлық бағдарлама әзірленген.
Алғашқы, халықаралық бөлімде әлемдік цирк әртістері өнер көрсетсе, екінші бөлім Қазақ хандығының 550 жылдығына арналады.
«Қазақ хандығының 550 жылдығына орай біз театрландырылған цирктік қойылым қоямыз. Қазір тарихи тақырыпқа байланысты сценарий жазып жатырмыз. Онда жанрлардың синтезі: хореография, театр, балет, акробатика элементтері болады. Қойылым көне аңыз желісіне негізделеді. Спектакльге арнап ұлттық костюмдер тігіліп, ұлттық музыка жазылады. Музыканы жанды орындау үшін Қазақ Ұлттық өнер академиясынан вокалистерді іріктеуді ойлап отырмыз. Бірақ бұл мәселе әлі шешілген жоқ», - деді Д.Досбатыров.
Сондай-ақ, цирк директоры алғашқы бөлімде Испанияда өткен халықаралық цирк фестивалінен «Күміс піл» жүлдесін жеңіп алған Андрей мен Әлия Қанахиндер «Сен және мен» нөмірін орындайтынын жеткізді.
«Аталған композицияда либреттоны әнші Карина Абдуллина жанды дауыспен орындағанын қалар едік. Қазір онымен келіссөздер жүргізіліп жатыр», - деді Д.Досбатыров.