Қазақстандық өнерпаздар көрме кешенінің орталық бөлігінде өнер көрсетті. Мұнда түрлі елдердің ұлттық павильондары орналасып, шетелдік делегациялардың қатысуымен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады.
Ұлттық киім киген өнерпаздар конференция қонақтарына қазақтың ұлы композиторы, күйші Құрманғазы Сағырбайұлының күйлері мен халыққа кеңінен танымал басқа да шығармаларды орындап берді. Күй тыңдауға жиналған COP31 конференциясының қатысушылары өнерпаздарды телефонға түсіріп, ерекше қошемет көрсетті.
Қазақстанның экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров пен делегация мүшелері де концертті тамашалады.
Музыкалық бағдарлама шетелдік қонақтарды қазақтың ұлттық өнерімен таныстырып, төл мәдениетіміздің бай мұрасын паш етті. Сондай-ақ дәстүрлі музыка тіл мен ұлт айырмашылығына қарамастан, халықтарды жақындастырып, мәдени байланыс орнатуға дәнекер бола алатынын көрсетті.
Қазақстан COP31 конференциясы аясында ұлттық мәдениетін де таныстырып, климаттық бастамалар, жасыл технологиялар мен инвестициялық жобаларға қоса, тарихи-мәдени мұрасын шетелдік қонақтарға паш етті. Осы арқылы ел ұлттық құндылықтардың халықаралық диалогтағы орнын айқындады.
Бұған дейін БҰҰ-ның COP31 климаттық конференциясы 9 қарашада Анталья қаласында басталғаны хабарланған болатын.