Қазақ музыкасы қашан Meta-ға қайта шығады – министр жауабы

Фото: Фото: Yonhap

АСТАНА. KAZINFORM –  Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында қазақ музыкасы қашан Meta-ға қайта шығатыны туралы пайымын айтты.

- Былтыр күзде екі тараптың да келісімі бойынша келісімшарттар күшін жойған болатын. Алайда біздегі мәлімет бойынша, бүгінгі таңда мүдделі тараптардың арасында келіссөз жүріп жатыр. Әділет министрлігі олардың ықпалдастығына заңнама аясында реттеу тұрғысынан ғана қатысады. Қай тарапты болсын мәжбүрлеу немесе белгілі бір әрекетті таңу ниетіміз жоқ, - деді Ерлан Сәрсембаев.

Сондай-ақ, ол қазақстандықтардың авторлық құқығы мен зияткерлік меншігін қорғау ісін жетілдіру үшін цифрлық платформаны іске қосатындарын мәлім етті.

- Осы платформаның арқасында кез келген қазақстандық автор немесе авторлық құқық иесі цифрлық форматта келісімшарт бекіте алады. Кейін сол келісімшарттың қалай іске асып жатқанын платформадағы жеке кабинеті арқылы бақылап, қанша төлем жасалғанын, туындысы неше рет орындалғанын көріп отырады, - деді министр.

Сондай-ақ, ол Meta мен қазақстандық авторлар арасындағы мәселенің қаншаға созылатынын болжаудың өзі қиын екенін атап өтті.

- Келісімшарт қатынастарының еркіндігі дейтін ұғым бар. Келіссөздер процесіне мемлекеттің араласуына және шарт жасасуға мәжбүрлеуге жол берілмейді. Мәселе белгісіз мерзімге созылуы мүмкін. Өйткені түпкілікті шешім тараптардың келісімге қол жеткізуіне байланысты. Келісімшарт қатынастары сөз болып отырғандықтан мемлекет нақты мерзімдер белгілеп, міндеттемелер жүктей алмайды, - деді ол.

Бұған дейін ол қазақ музыкасының Meta-дан жойылуын «ұжымдық басқару саласындағы кемшілік» деп бағалаған еді.