Қазақ нейрохирургы Парижде екі күрделі отаны сәтті жасады

Фото: instagram.com/mynzhyl

ПАРИЖ. KAZINFORM – Қазақстандық нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаевтың жетекшілігімен Францияда екі азаматқа күрделі ота жасалды. Ал ол операцияны әлемнің үздік дәрігерлері тікелей эфирде бақылады.

Күні кеше жасалған қос операция да сәтті өтіп, науқастар есін жиып үлгеріпті. Бұл туралы Парижде өтіп жатқан Халықаралық конференцияға аттанған маман «Бүгін LIVE» бағдарламасында мәлімдеді.

Фото: instagram.com/mynzhyl

– Барлық операция сәтті өтті. Отаны дүниежүзінен жиналған, қан тамыр ішімен емдейтін нейрохирургтер тамашалаған еді. Бірінші операциямыз – басында артериовеноздық мальформациясы бар, қан тамырлары жыртылған ауыр жағдайдағы науқасқа жасалды. Қазір науқас оянды, бәрі ойдағыдай. Екінші науқасымыздың басындағы ми қан тамырларында аневризмасы бар және миға баратын тамырлары қатты тарылған. Ол кісіге жасалған ота да ойдағыдай өтті. Операцияны командамызбен бірге жасадық. Біз мұндай операцияларды апта сайын жасаймыз. Ота барысын менің YouTube арнамнан да көрсетеміз. Бірақ онда науқастардың аты-жөнін жарияламаймыз, – дейді дәрігер.

Айта кетейік, жақында алматылық дәрігерлер жаңа туған нәрестеге күрделі операция жасады.