Қазақ өнерінің саңлақтары: Қорқыт Ата
Қорқыт Атаның өмір сүрген кезеңі туралы ғылымда әр түрлі болжамдар қалыптасқан. Алайда зерттеулердің көпшілігі Қорқыт Ата Сырдария бойында өмір сүрген оғыз-қыпшақ тайпалық бірлестігінде 10-ғасырдың басында дүниеге келген деген тұжырымға саяды. Рашид әд-Дин «Жамиғ Ат-Тауарих» атты тарихи шежіресінде Қорқыт Атаны қайы тайпасынан шыққан десе, Әбілғазының «Түрік шежіресінде» оның тегі баят екендігі, оғыздардың елбегі болып, 95 жасқа келіп қайтыс болғандығы айтылады. Сыр жағасына жақын жерде Қорқыт атаның зираты болғанын Ә.Диваев, т.б. ғалымдар өз еңбектерінде атап өтеді.
Ә.Қоңыратбаевтың зерттеулерінде Қорқыт ата 11 ғасырдың басында дүниеден өткен делінсе,Ә.Марғұланның еңбектерінде ол 7 - 8 ғасыр аралығында өмір сүрді деген пікір айтылады. Қазақ философиясы тарихында Қорқыт Ата- ел бірлігін нығайтқан кемеңгер қайраткер, түркі дүниетанымының негізін жасаған ғұлама ойшыл, әлемдік ақыл-ой мәдениетінде өзіндік орны бар философ-гуманист ретінде көрінеді. Қорқыт Ата жайындағы аңыздардан оның бойындағы үш түрлі өнер ерекше айқындалады. Біріншіден, ол оғыз-қыпшақ ұлысынан шыққан айтулы бақсы, абыз. Екіншіден - күйші, қобыз сарынын алғаш туындатушы өнерпаз. Үшіншіден - әйгілі жырау, оның жырлары оғыз-қыпшақ өмірін бейнелеген әдеби-тарихи мұра. Түркі халықтарының фольклорындағы Қорқыт Ата туралы аңыз әңгімелердің бірі оның туылуына байланысты. Қорқыт - түркілердің оғыз ұлысынан шыққан асқан сәуегей, бақсы, күйшілік, жыршылық өнерлерінің атасы болып табылады.
Тарихи деректер мен ғылыми пайымдауларды түйіндей келе, Қорқыт Атаны исламды әлі толық қабылдамаған түркі тайпаларының мәдени рәмізі деп қарастыруға болады. Аңыз әңгімелерде Қорқыт Ата өзінің желмаясына мініп, халыққа мәңгілік бақыт әкелетін жерұйықты іздеген данагөй ойшыл. Зерттеуші Е.Тұрсыновтың түсіндіруі бойынша, бұл жердегі желмая қобыздың рәміздік бейнесі болып табылады. Өйткені ол мәңгілік өмірді қобыздың сарынынан табады. Ең ақырында қобыз күйімен көз жұмып, артындағы ұрпақтарына өлмес күйлерін қалдырады. Қорқыт Ата жырларының философиялық мән-мағынасының алтын діңгегі - әлемді, табиғат заңдарын көркемдік таным тұрғысынан игеру. Оның өмір сүйгіштік дүниетанымы күнделікті күйкі тірліктің шеңберінен шыға білу және адамзат үшін әрбір тіршілік сәтінің құнды екенін ескерту, қайталанбас уақытты қадірлеуге шақыру, сол арқылы өмірді мәңгілік ету идеясы Қорқыт философиясының іргетасын құрайды.
Қорқыт Ата күйлері
Қорқыт өзінің ұрпағына ұлы мұра - қобыздық күйлер - «Қорқыт», «Желмая», «Тарғыл тана», «Елімай», «Ұшардың ұлуы».
«Ұшардың ұлуы» - Қорқыт Атаның күйі. Көнеден келе жатқан аңыз-әңгімелерге сүйенсек, баяғы заманда бір шаңырақ астында жалғыз ұл бала және ата-анасы өмір сүрген. Ұл баланың өзінің қатты жақсы көрген Ұшар атты иті болады. Бір күні бала өліп қалады да ата-анасы баланы жерлейді. Сол кезде Ұшар жоғалып кетеді. Анасы оны іздеуге барайын десе оны ұл баланың зиратының қасында ұлып жатқанын көреді. Бұл оқиғаны көрген Қорқыт Ата «Ұшардың ұлуы» атты күй шығарады.
«Башпай» - Қорқыт Атаның күйі. Көнеден келе жатқан аңыз-әңгімелерге сүйенсек, Қорқыт Атаның қарындасы болған еді. Бірде қарындасы оған тамақ әкелгенде, оның башпайы қарындасына тиеді. Сонда ол «Мені көмгенде, башпайымды сыртқа шығарып көміңдер», дейді. Бұны айтқан себебі: ертеде қазақ халқы қызды еркелетіп, оны құрметтеген және оған ер адамның кез келген мүшесі тисе арсыздық деп санап, сол адам өмір бақи ұятта өмір сүреді.