Қазақ-Өзбек қарым-қатынасы Орталық Азияның келешегіне де әсер етеді
Тәуелсіздіктен бері өзбек билігін тізгіндеп отырған Президент Ислам Кәрімов былтыр 78 жасында өмірден озғаннан соң, оның орнына сайланған Шавкат Мирзиёев Ұлыстың Ұлы күнінде Қазақстанға ресми сапарлауды жоспарлаған болатын. Екі елдің басшылары стратегиялық әріптестік мәселелерін талқыламақ ниетте. Наурыз мерекесінің қазақ пен өзбек халқы үшін де ұлық екенін ескерсек, сапардың таңдалған уақытының өзі Өзбекстанның ендігі басшысы жаңа саяси ұстанымға көшетінін, қазақ-өзбек арасындағы тың серпілістер болатынын болжатқызатындай. Осыған байланысты бауырластық пен достыққа негізделген Қазақстан-Өзбекстан қарым-қатынасының тарихыны көз жүгіртіп өткенді жөн санаған едік.
Тәуелдіздік алғаннан кейінгі Қазақстан мен Өзбекстанның алғашқы құжат қойып, қол алыса келісім жасауы 1992 жылдың 24 маусымында орын алған екен. Онда екі елдің қарым-қатынасында негізге алынатын қағидалар Достық, ынтымақтастық және өзара көмек көрсету туралы шартқа арқау болған. КСРО күйреуінен кейінгі тоқырау жағдайында екі ел де экономикалық ынтымақтастыққа аса мән берген болатын. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1994 жылы Ташкентке сапары барысында қол қойылған Біртұтас экономикалық кеңістікті құру туралы шарт Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы байланысты жан-жақты, әсіресе, экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге септігін тигізді. 1997 жылы наурызда жасалған Қазақстан, Өзбекстан мен Қырғызстан Республикаларының арасындағы Мәңгілік достастық туралы үшжақты шарт - қарым-қатынасты дамытудағы тағы бір маңызды қадам болды. Бұл құжат екі ел арасындағы экономикалық кеңістік аясында әріптестіктің тиімді жақтарын тереңдету амалдарын табуға, шаруашылық субъектілері арасында тікелей байланыстар орнатуға өте зор ықпал етті.
Кейіннен екі ел басшыларының өзара сапарлары барысында екіжақты ынтымақтастықтың мәселелері ұдайы талқыланып, бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды. Соның ішінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 1998 жылдың қазанында Өзбекстанға жасаған ресми сапары көршілес елдердің ынтымақтастығын арттыруға тың серпін берді. Оның барысында Мәңгілік достық туралы шарт, 1998-2007 жылдарға арналған Экономикалық ынтымақтастықтың бағдарламасы, Мұнай мен газ кен орындарын іздестіру, барлау және игеру саласындағы ынтымақтастық туралы және өндірістік кооперация туралы құжаттар. Бұл шарт Қазақстанның Өзбекстанмен ұзақмерзімді ынтымақтастығының берік іргетасын қалады.
Өзбекстан - Қазақстанның негізгі әріптестерінің бірі. Тәуелсіз даму жылдарында Өзбекстанда мұнай-газ саласы, сондай-ақ тоқыма, ауыл шаруашылығы, құрылыс және туристік салалар қарқынды дамыды. Автомобиль өнеркәсібінде елеулі жетістіктерге қол жеткізген Өзбекстан ТМД аясында жеңіл автомобильдерді ірі экспорттаушы, сондай-ақ көлік коммуникациялары мен логистикада айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. 2008 жылы Өзбекстан президентінің Астанаға сапарынан кейін екі елдің сауда қарым-қатынастары қарқынды дами түсті. Сыртқы сауда айналымы 2005 жылдан 2013 жылға дейін 4 есеге артып, 2 миллиард доллардан асты. 2015 жылы сауда айналымы 3,2 млрд долларға дейін жетті.
Ал 2013 жылдың 13-14 маусымында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Өзбекстанға ресми сапары барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
2014 жылы Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімовтың Қазақстанға ресми сапары барысында да бірқатар екіжақты құжаттарға - 1997 жылдың 2 маусымындағы Өнеркәсіптік меншіктерді қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама және 2015-2016 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды. Сонымен қатар, әртүрлі деңгейдегі кездесулерде де тараптар сауда-экономика, су-энергетика, көлік-логистика және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылап келеді.
Екі елді біріктіретін ортақ тарихи-мәдени мұралар, құндылықтар да баршылық. Қазақ халқының әйгілі билері Төле би мен Әйтеке бидің этномемориалдық кешендері Өзбекстан аумағында. 2013 жылы Ташкентте Абай ескерткіші ашылды. Әлішер Науаи ескерткіші Астанада ашылмақ. Осының өзі халықтар арасындағы мәдени-рухани байланыстардың маңыздылығын білдірсе керек.
Сарапшылар Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев өз лауазымына кіріскеннен бері екі жақты қарым-қатынастың белсенді дами бастағанын алға тартады. Былтырғы жылдың соңы мен 2017 жылдың аяғында түрлі деңгейде келіссөздер жүріп, шешілуі тиіс біршама мәселе сарапталған. Наурыз мейрамында жоспарланған сапарда солардың біразының түйіні тарқыталыды деген болжам да жоқ емес. Сонымен қатар, Қазақстанмен байланыстарды күшейтуге ниет танытқан Президент Ш.Мирзиёев арасында өтетін кездесу екіжақты саяси-экономикалық қатынастарды нығайтып, стратегиялық ықпалдастықтың мүмкіндіктерін арттырады деп күтілуде. Мемлекет басшыларының кездесуі барысында алдағы 4-5 жылға арналған ортақ екіжақты жоспарлар турасында келісіліп, экономиканың маңызды салаларын қамтитын құжаттарға қол қойып, жоғары деңгейдегі пікір алмасулар кезінде Орталық Азияның ынтымақтастық мәселелері мен салалалары қамтылуы мүмкін.
Жалпы Наурыздағы Өзбекстан жаңа басшысының Қазақстанға сапарын сарапшылар қалай бағалайды. Саясаттанушы Жанат Момынқұловтың сөзінше, Өзбекстан басшысының Астанаға сапары турасында сарапшылар арасында әртүрлі пікірлер айтылуда. «Бірінші көзқарас бойынша, Қазақстан мен Өзбекстан арасында жаңа қарым-қатынастар форматының қалыптасып, Орталық Азияның түйіні шешілмей келген ортақ мәселелеріне мән беріле бастауы - дер кезінде жасалған құптарлық қадам. Екінші көзқарас аталған бетбұрыстың маңызын әсірелеп, Ташкент - Астана одағы туралы әңгіме қозғау әлі ерте болғандықтан, екіжақты ықпалдастықтың мазмұнын толықтыру қажет дегенге саяды. Үшінші көзқарас бойынша, бұған дейін жабық жағдайда дамып келген Өзбекстанның бұдан былай либералдану реформаларын жүргізуі нәтижесінде ашық экономикаға көшіп, көршілес нарықтарға ықпал ету мүмкіндігі жоғарылайды. Біздіңше, жоғарыда келтірілген үш көзқарасты ескеріп, екіжақты және аймақтық ықпалдастықтың тұжырымдамалық және бағдарламалық негіздерін ойластыру Қазақстанның стратегиялық мүдделері тұрғысынан аса қажет. Өйткені, еліміз Орталық Азия аймағы үшін жабық өмір сүре алмайды. Сондықтан, Қазақстан мен Өзбекстан қолда бар ортақ мүмкіндіктерді пайдаланып, Орталық Азия интеграциясының ұзақ мерзімді жоспарын қазірден бастап жетілдіруі қажет», - деп жазады саясаттанушы Егемен Қазақстан газетіне шыққан мақаласында.
Оның пайымынша, Өзбекстан мен Қазақстан қарым-қатынасында болуы ықтимал өзгерістер Орталық Азияның даму келешегі мен бағытына әсер етеді. Қос мемлекет - әлемдегі және аймақтағы жағдайлар бойынша, мүмкіндіктер мен қауіп-қатерлер турасында сындарлы пікір қалыптастырған, өз даму тәжірибесінен сабақ алған, бір-бірін әртүрлі қырынан таныған, ұлттық мақсаттарына қарай бағыт-бағдарын айқындаған салмақты елдер. Оның үстіне Қазақстан мен Өзбекстан қазіргі жағдайда аймақтағы жағдай үшін тарихи және саяси жауапкершілігін сезіне бастаған.
«Өзбекстан сияқты Орталық Азияның барлық елдерімен шекаралас және аймақтың ортасында орналасқан ірі мемлекеттің өзіндік орнын Қазақстан тиімді пайдалана алады. Өзбекстан - демографиялық және сауда-экономикалық әлеуеті, мемлекеттілік және мәдени дәстүрлерінің сабақтастығы тұрғысынан мүмкіндіктері зор, Ауғанстанмен тарихи байланыстары терең және әлемдегі әртүрлі орталықтармен өзіндік сипаттағы тепе-теңдікті сақтап келген мемлекет. Сондықтан болар, Елбасы Н.Назарбаев кезінде Орталық Азия елдерінің одағын құру туралы бастама көтерген еді. Белгілі субъективті кедергілерге байланысты жүзеге асырылмай қалған аталған идея қазір де өзектілігін жоғалта қойған жоқ. Өзбекстанның кейінгі даму тұжырымдамаларында ұлттық-мемлекеттік құрылыс стратегиясынан біртұтас аймақ құру идеясына өту XXI ғасырдағы ең басты міндеттердің бірі ретінде белгіленгені рас. Ш.Мирзиёев билікке келгелі бері Қырғызстанмен, Тәжікстанмен және Түрікменстанмен де байланыстарын жаңа деңгейге шығаруға деген ниет танытып, қажетті шаралар қабылданды», - деп жазады Жанат Момынқұлов.
Түйіндей айтсақ, Өзбекстан жаңа басшысының Қазақстанға алғашқы сапарынан көп дүние күтіледі. Ең бастысы қазақ-өзбек қарым-қатынасы жаңа деңгейге шығып, ынтымақтастық ауқымы артуы да ықтимал. Жыл соңына дейін қорғаныс, экономика салалары бойынша екіжақты кездесулер ұйымдастырылатыны айтылған болатын. Осының өзі елдер арасында болған бұған дейінгі белгілі бір салқындықты жойып, Орталық Азия елдерінің байланысына да біршама серпінге жол ашатыны сөзсіз.