— Қазақстан мен Өзбекстан кеден қызметтерінің келісімі бойынша «Қапланбек» өткізу пункті жаяу жүргіншілер, жеңіл автокөлік және автобустарды өткізу үшін ашылады. Бұл шешім Өзбекстан тарапындағы «Гишт-Куприк» өткізу пунктінің (Қазақстан тарапында «Жібек жолы») 1 ақпаннан бастап 2 айға жабылуына байланысты қабылданды, — деп мәлім етті Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінен.
Тиісінше, қос елдің кеден қызметтері азаматтарға сапарын алдын ала жоспарлауды ұсынды.
Айта кетейік, қазіргі таңда екі ел арасындағы шекараларда көліктерге арналған келесі бақылау-өткізу бекеттері жұмыс істеп тұр: «Қонысбаев» — «Яллама», «Қазығұрт» — «Наджимов», «Атамекен» — «Гүлістан».
Еске салайық, Қазақстан мен Өзбекстан жүк тасымалы мәселесін шешумен айналысатын жедел штаб құрмақ.
Сонымен қатар, таяуда қазақ-өзбек шекарасында кеден терминалы ашылады. 6 гектарды аумақты қамтып жатқан нысан заманауи тексеру, рәсімдеу құрылғыларымен жабдықталған.