Басқосуға еліміздің Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері мен Өзбекстан кеденшілерінің делегациясы қатысты. Қазақстан тарапы кедендік операцияларды жетілдіру мен мемлекеттер арасындағы тауар айналымның артуына, сауданың дамуына ықпал ету - екі мемлкетттің кедендік қызметтерінің негізгі міндеті екенін атап өтті. Келіссөздер соңында бірқатар мәселелерге қатысты нақты шешімдер қабылданды. Атап айтқанда, Мақтарал ауданындағы 2008 жылы жабылып қалған «Сырдария» мен «Целинный» өткізу пункттері шілде айында қайта қызмет көрсете бастайды. Өзбекстан тарапымен ортақ келісім жасалған соң, көрші елдің азаматтары бір-біріне тәулік бойына барыс-келіс жасай алады. Ал Сарыағаш ауданындағы «Қапланбек», «Қазығұрт», «Атамекен» кеден бекеттері бұған дейін күндізгі уақытта ғана жұмыс істесе, енді олар тәулік бойына ауыстырылмақшы.
Сондай-ақ Қазақстан жағындағы бекеттер қайта жаңартылып, жаңа технологиямен жұмыс істеуге көшетіні айтылды. Яғни, кеденнен өткенде жеке азаматтарға, көліктерге қатысты құжаттарды толтыру уақыты жылдамдатылады. Мәселен, қазіргі таңда бір көліктің құжатына 38 минут жұмсалса, жаңа технологиямен бұл уақыт көлемі 25 минутқа азаяды. Осы уақыт аралығында сәйкестендіру, сканерлеу сияқты шаралар тез әрі сапалы жүргізіледі. Соның арқасында шекара асқан көліктер саны 400-ден 1 мыңға дейін артатыны күтілуде. Жеке тұлғалар үшін де аяқ жол терминалдары халықаралық талаптарға сәйкестендіріледі. Нәтижесінде, тәулігіне 40 мыңға тарта адам көрші елге қатынай алады.
«Қазіргі таңда бұл бекеттердің жұмыс жобасы дайын. Жер телімдері бөлініп қойған. Жуық арада тиісті қаражат бөлінсе, жылдың екінші жартысында құрылысы басталады. Құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанда бекеттерден азаматтар ешбір қиындықсыз өте береді», - дейді ОҚО Мемлекеттік кірістер департаменті тарифті реттеу басқармасының бастығы Асқат Исақов.
Кездесуде екі ел арасында бағалық және тауар айналымдық ақпараттарға қол қойылды. Бұл дегеніміз кедендік рәсімдеудің уақытын тездетеді, әрі өтетін тауар немесе азаматтар жайында көрші елдің кеденшілерінен ақпарат алмасып отырады. Жалпы, соңғы бес айдың ішінде өңірде Өзбекстанмен шекаралас жатқан кеден бекеттерінде төлемдер бойынша салық мөлшері 10 млрд теңгеден асқан. Осы жаңалықтар енгізілсе, салық көлемі одан да артады деп күтілуде. Яғни, екі ел арасындағы тауар айналым көбейіп, табыс арта түспек.
«Екі ел президентінің кездесулерінен кейін, біздің жиі келіссөздер жүргізуіміздің арқасында Қазақстан мен Өзбекстанның тауар айналымы өткен жылмен салыстырғанда 35-40 пайызға дейін өсті. Бұл әсіресе Сырдария облысы мен Оңтүстік Қазақстан облыстары арасында импорт пен экспортта барлық сала бойынша өсім байқалады»,- дейді Өзбекстаннан келген Сырдария облыстық Кедендік бақылау басқармасының бастығы Шухрат Хайруллаев.