Қазақ пен армян халықтарының ұқсастығы көп – Silk Way Star қонақтары
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада Silk Way Star халықаралық жобасының түсірілімі қызу жүріп жатыр. Музыкалық шоу 20 қыркүйекте көрермендерге жол тартпақ. Ал музыкалық шоудың гранд-финалы 22 қарашада Jibek Joly телеарнасында және байқауға қатысушы елдердің жетекші телеарналарында тікелей эфирде көрсетілмек.
Байқаудың Армениядан келген әділқазы мүшесі Вреж Киракосян және қатысушысы Саро Геворгян «Бүгін LIVE» бағдарламасына сұхбат беріп, Қазақстаннан алған әсері мен қос халықтың ұқсастықтары туралы айтып берді.
Армениялық қонақтар қазақтың ұлттық асханасын ерекше жақсы көретінін жеткізді.
– Мен Қазақстанға алғаш рет келіп отырмын. Бұл сапарымды естіген анам міндетті түрде қазақша еттен дәм тату керегін айтты. Маған бәрі ұнап жатыр, осында келгеніме қуаныштымын. Осыдан 4 жыл бұрын «Жаңа толқын» байқауына қатысқанымда қазақстандық MEZZO тобымен танысқанмын. Оларға сәлем жолдаймын. Сол кезде қазақ халқына қызығушылығым оянып, мәдениетімізде өте көп ұқсастық барын байқадым. Тіпті ән шырқағанда милизматикамызға дейін ұқсайды, – дейді Silk Way Star қатысушысы Саро Геворгян.
Оның айтуынша, Silk Way Star байқауы жас әншілердің шығармашылығы үшін өте маңызды. Мұнда жаңа мәдениеттерді көріп, қазақ тілінде ән шырқау тәжірибесін алған.
– Ал менің Қазақстанмен достығым сонау 2013 жылы басталған, мені Астанада өткен «Шаттық» ән байқауына төрелік етуге шақырған болатын. Содан бері арадағы қарым-қатынас үзілген емес. Екі халықтың ортақ тұсы өте көп. Қазақтың да, армянның да халқы қонақжай, қыздары биязы, дарынды ұл-қызы көп, қос халық та ұлан-асыр той жасағанды жақсы көреді. Silk Way Star – әр қатысушы өз ана тілінде сөйлеп, өз мәдениетін таныта алатын әлемдегі жалғыз тележоба. Бұл бірегейлікке жол ашады, – дейді қазылар алқасының мүшесі Вреж Киракосян.
Өз кезегінде тәжірибелі әнші байқаудың жас қатысушыларына ақыл-кеңестерін берді және таланттарды бағалау қалай жүретінін айтып берді.
– Мұндай халықаралық байқауларға кәсіби, мықты әншілер қатысады. Қазылар алқасы олардың бірегейлігіне баса мән беруі керек. Ситуацияға қарай, әр жолы әр түрлі қасиетіне назар аударуы мүмкін. Ал қатысушы барынша шынайы болуы керек, қазылар да, көрермен де жасандылықты бірден сезеді. Шынайы жүректен шыққан өнер тыңдарман жүрегіне жол табады. Өз отандасым Сароның мүмкіндігі туралы ештеңе айта алмаймын. Ең бастысы Арменияны лайықты деңгейде көрсете алса деп тілеймін. Жеңімпазды халық анықтайды. Біз өз жұмысымызды әділ әрі ашық жасауға тырысамыз, – дейді Вреж Киракосян.
Айта кетейік, Silk Way Star шоуы 20 қыркүйектен бастап Silk Way, Jibek Joly, Қытайдың CCTV-3 арнасында және қатысушы елдердің ұлттық арналарында көрсетіледі.
ҚР Президентінің Телерадиокешені Президенті мен CMG медиакорпорациясы ұйымдастырып отырған байқауға 12 ел, атап айтқанда, Әзербайжан, Армения, Грузия, Малайзия, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Оңтүстік Корея өкілдері қатысады.
Ал Қазақстан атынан әнші Alem өнер көрсетеді.