Бұл туралы бүгін Ақордада елімізге тұңғыш ресми сапармен келген Қырғызстан Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаевпен кеңейтілген құрамдағы келіссөздердің қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме жасаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
Екі ел арасындағы қарым-қатынас бұдан да жақсара түсуі керектігіне кеңінен тоқталған Елбасы: «Дегенмен де, бүгінгі таңда өткен жылдың қорытындысы бойынша сауда айналымы 750 млн. долларды құрап, 2010 жылға қарағанда 27 пайызға өсім көрсетті. Қырғыз экономикасына салынған қазақстандық инвестиция шамамен 1 млрд. американдық долларды құрады. Бұл қарым-қатынастар экономика тұрғысында ғана маңызды емес, сонымен қатар біздің елдердің қауіпсіздігін айқындауда да маңызды», - деді.
Сонымен қатар Елбасының атап өтуінше, екі елдің Мемлекет басшылары энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және коммуникация, тау-кен өндірісі салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
«Таяу жылдарда екі елдің арасындағы сауда айналымын миллардтық шекке жеткізуге шынайы перспектива мен мүмкіндік бар және де біз осындай тапсырма жүктейміз», - деді Н.Назарбаев.