Қазақ пен моңғол киіз үй мәдениетінің мұрагері саналады

Фото: Akorda

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақ пен моңғол көшпенділер өркениеті мен киіз үй мәдениетінің мұрагері саналады. Бұл туралы Ақордада Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсүхпен келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

- Мен бұл сапарға айрықша мән беріп отырмын. Себебі, Моңғолия аймақтағы маңызды серіктесіміз, тату көршіміз. Біздің тарихымыз бен тамырымыз ортақ. Екі ел де көшпенділер өркениеті мен киіз үй мәдениетінің мұрагері саналады. Қос халықтың болмысы мен рухани дүниесі, өмір салты мен әдет-ғұрпы үндес. Сондықтан біз бір-бірімізге әрдайым тілектес болып, жетістіктерімізге шынайы қуанамыз, - деді Президент.

Мемлекет басшысы соңғы жылдары Қазақстан мен Моңғолияның қарым-қатынасы тың қарқынмен дамып келе жатқанына назар аудартты.

- Осыдан 1,5 жыл бұрын Моңғолияға мемлекеттік сапармен барғанымды білесіздер. Қадірлі Президент Ухнаагийн Хурэлсүх мырзаның және барша моңғол халқының ықылас-ілтипатын әрдайым ризашылықпен еске аламын. Сол сапар барысында стратегиялық әріптестік туралы декларацияға қол қойдық. Бұл - мың жылдық бауырластығымызды біржола бекіте түскен тарихи құжат. Қазіргі таңда екі елдің Парламенттері мен құзырлы министрліктері тығыз байланыс орнатқан. Үкіметаралық комиссия және іскерлік кеңес табысты жұмыс істеп келеді. Президент Хурэлсүхтың бүгінгі сапары осы ынтымақтастықты нығайта түсері анық, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Моңғолия Президентін қарсы алғанын жазған едік.