Қазақ пен түрік халқының достығын тереңдету басты мақсатымыз - Елбасы

None
АНКАРА. ҚазАқпарат - Қазақ пен түрік халқының достығын, байланысын тереңдету біздің басты мақсатымыз. Бүгін Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Екі халықтың, қазақ пен түрік халқының достығын, байланысын тереңдету біздің басты мақсатымыз. Сауда-экономикалық және инвестициялық қатынастарды талқылап, бірқатар уағдаластыққа қол жеткіздік. Оны қол қойған құжаттардан көрдіңіздер. Қазақстанда көптеген түрік компаниялары табысты жұмыс істейді. Қазір елімізде түрік капиталының қатысуымен құрылған 1800-ден астам кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Тауар айналымының көлемі өткен жылы 2 млрд долларға жақын болды. Бұл көрсеткішті бүгін біздің келіскеніміз бойынша жақын арада 5 млрд долларға, келешекте 10 млрд долларға жеткізу жөнінде алдымызға мақсат қойдық», - деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің Үкіметі осы салада жұмыс істейтіндігін баса айтты.

«Былтыр Режеп Тайип Ердоған мырзаның Астанаға ресми сапары барысында «Жаңа синергия» атты бірлескен экономикалық бағдарламаны жүзеге асырудың 2017-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының хаттамасына қол қойғанбыз. Осы құжатқа сәйкес орындалып жатқан немесе жоспарланған 24 инвестициялық жоба бар. Аталған жобалардың жалпы құны 8 млрд доллардан асады», - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті бүгін түрік компанияларының басшыларымен кездескенін, олармен сауда-инвестициялық ынтымақтастығының жай-күйі мен перспективасы жөнінде пікір алмасқанын баса айтты.

«Көп бизнес басшылармен мен өзім жеке кездесіп, олардың ой-пікірлерін тыңдадым. Жалпы екі елдің бір-біріне инвестиция салуға, ынтымақтаса жұмыс істеуге ынталы екенін көрдім. Сапарым барысында құны 2 млрд долларға жақын болатын коммерциялық жобаларға қатысты келісімдерге іс адамдары қол қойды. Алдағы уақытта осы уағдаластықты бірлесе жүзеге асыру үшін күш жұмылдыруымыз керек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев