Қазақ-поляк компаниясы Жамбыл облысында жеміс бақтарын өсіреді

ТАРАЗ. ҚазАқпарат -Жамбыл облысында 2015 жылдан бастап жоғары технологиялар негізінде жеміс бақтары дамытылып келеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Таразда өткен «Қазақстан бақ шаруашылығының болашағы» ІІ ғылыми-тәжірибелік халықаралық агрофорумында «FTC Equity» Польша-Қазақстан бірлескен компаниясы жүзеге асырып жатқан «Құлан агропаркі» бақ өсіру жобасы таныстырылды. Шарада Польша, Қазақстан, Италия елдерінің ғалымдары мен кәсіпкерлері бақ шаруашылығының қазіргі технологиялары, тамшылатып суару, зиянкестермен күрес әдістері сияқты өзекті мәселелерді талқылады.

«Құлан агропаркі» Рысқұлов ауданының аумағында орналасатын болады. Мың гектардан астам аумаққа интенсивті алма бақтары мен сүйекті жеміс-жидектерді өсіру, жемісті және бұталы өсімдіктер тәлімбақтарын салып, жемістерді сақтау мен өңдеуге қажетті бүкіл инфрақұрылым жүйесін қалыптастыру жоспарланып отыр. Жоба аясында жылына 50 мың тонна бақша өнімі шығарылып, екі жүзден астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Жобаны жүзеге асыру үшін 620 млн теңгеден астам инвестиция құйылмақ. Өнімдер негізінен Қазақстан мен Ресей нарығына жол тартады.

Форум аясында табиғаты тамаша Рысқұлов ауданының туризм әлеуетін арттыру мәселесі де қаралды. 

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қараша айының басында Жамбыл облысының Т.Рысқұлов ауданында орналасқан «Құлан» агропаркінде 100 гектар аумаққа шие ағаштарының алғашқы көшеттері отырғызыла бастады. Елдегі ең үлкен шие бауы жылына 1680 тонна өнім беріп, 50 адамды жұмыспен қамтитын болады. Жалпы «Құлан» агропаркі 15 инвестициялық жобаны біріктіреді.

Айта кетейік, 13 желтоқсан күні Астанада Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия аясында көлік саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Польша жұмыс тобының II отырысы болады. Отырыста контейнерлік тасымалдарды дамыту саласында Достық/Алтынкөл-Брест-Достық/Алтынкөл учаскесінде контейнерлік пойыздарды қабылдау-өткізу бойынша бірлескен технологияны әзірлеу мәселесі келісіледі деп күтілуде. Сонымен қатар, контейнерлік пойыздарды технологиялық өңдеу уақытын қысқарту мүмкіндігі де қарастырылады.