«Қазақ радиосының Қалқаманы еді...» - Күйші әрі сазгер Қ. Жүнісбеков туралы бір үзік сыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ радиосының ардагері, күйші әрі сазгер Қалқаман Жүнісбеков осы ұжымның музыка редакциясында 40 жыл бойы үздіксіз еңбек етіп, құрметке бөленген өнер адамы еді.

Осы уақыт аралығында қазақ журналистикасына, сондай-ақ қазақ мәдениетіне, өнеріне күш-жігерін жұмсап, ондаған әдеби-музыкалық хабар ұйымдастыра білді.

Қалқаман Жүнісбеков 1978 жылдары «Әнге сапар» радиофестивалімен Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, ел ішіндегі тума дарын иелерінің өнерін арнайы «Тонваген» автокөлік құралғы арқылы жазып әкеліп, Қазақ радиосының алтын қорын толықтырған-ды. Ол кісі осы уақыт аралығында талай өнер иелерінің бағын ашып, халыққа танымал болуына тер төкті, ұзақ жыл қазақ өнерінің өркендеуіне тер төкті.

Қалекең 2004 жылы өзінің 60 жасқа толған мерейтойында Алматы қаласындағы «Қазақконцерт» бірлестігінде «Тәуелсіз Қазақстаным менің» деген айдармен шығармашылық кешін өткізді.

Сазгер Қалқаман Жүнісбековтің Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» оркестрінің орындауындағы «Абай толғауы», «Күй күмбезі Тәттімбет», «Сағыныш сазы», «Балбөбек балдырған», «Қалқаман қосбасар» күйлерімен қоса ұлттық рухымызды асқақтататын «Тәуелсіз Қазақстан» күй -дастаны басшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа арналған шығармасы, сондай-ақ Серікбай Оспановтың өлеңіне жазылған «Сарыарқа» әні, өз өлеңіне жазылған «Мыңаралым» әнін танымал әнші Рамазан Стамғазиев орындаса, Сұлушаш Нұрмағамбетованың орындауында Жарасбай Нұрқановтың өлеңіне жазылған «Наурыз - думан», Серікбай Оспановтың өлеңіне жазылған «Ана жанары», Гүлмайдан Сүндетованың орындауында Бәкір Тәжібаевтың өлеңіне жазылған «Алтын той толғауы», Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымкеш Жұмаділованың орындауында Кәкімбек Салықовтың өлеңіне жазылған «Аққу жеткен», Жоламан Құжымановтың орындауында Тынышбай Рахымның өлеңіне жазылған «Қамажай дәурен қалқамай» әндері Қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы.

Қалқаман Жүнісбековтің көп жылғы еңбегі адал бағаланып , «Телевизия және радио» үздік қызметкері. «Мәдениет қайраткері» белгісімен және «Қазақстан Тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен және Қазақ радиосының 90 жылдығына орай 2011 жылдың желтоқсан айында «Қазақ радиосының ардагері» медалімен марапатталды.

Ол 2004 жылдан «Нұр Отан» партиясының мүшесі болды.

Қазақ радиосының ардагері Қалқаман Жүнісбековтің өзі дүниеден өтсе де ұзақ жылғы қажырлы еңбегі ерекше бағаланып, « Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болды. Марқұмның көптен күткен марапатын Қазақ радиосының Алматыдағы студиясында Мәдениет министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры - редакторлар кеңесінің төрағасы, белгілі журналист Жұмабек Кенжалин Қалқаман Жүнісбековтің әйелі Роза Жүнісбекованың қолына ұстатты. Бұл жиында Қазақ радиосының ардагерлері Аманжан Еңсебайұлы, Алтын Иманбаева, Мұхамедқұл Смағұлов сөз сөйлеп, өмірден өткен ардагердің шығармашылық жолына ерекше тоқталды. Ұжымның атынан гүл шоғы сыйланды.