Қазақ романсиадасын орындаушылар Мәскеуде өнер көрсетті

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -  Мәскеудегі Кремль сарайында ЮНЕСКО атымен орыс романсиадасының құрметіне орай халықаралық концерт болып өтті. Аталған шарада Қазақстанның атынан «Қазақ романсиадасы» байқауының 2004 жылғы бас жүлдегері, алматылық Береке Еңкебаева ән шырқады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, қазақ әншісі Шымкентте соңғы  20 жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған байқаудың қазылар алқасы мүшесі болып табылады. Ол Ресей сахнасында Хамидидің «Бұлбұлы» мен Альябевтің «Соловья» әндерін орындап шықты.

«Береке осы аса қиын саналатын музыкалық туындыларды орындай отырып, залда отырған көрермендердің сүйіспеншілігіне бөленді. Тіпті мәскеуліктер оған «Браво» деп қол соқты, тамсанды», - дейді концерттегі әсерімен бөліскен «Қазақ романсиадасы» байқауы ұйымдастыру алқасының төрайымы  және «Южный Казахстан» газетінің бас редакторы Марина Лимаренко.

Халықаларық деңгейде өткен концертте өзбекстандық өнер майталмандары да қатысты. Көрші елдің атынан «Қазақ романсиадасы-2008» байқауының бас жүлдегері Рамиз Усманов пен байқаудың 2017 жылғы лауреаты Сұлтанбек Абдурахимов ән шырқады.

Жалпы, «Қазақ романсиадасы» атты ерекше байқау жыл сайын Шымкент қаласында ұйымдастырылып тұрады. Халықаралық деңгейде өтетін шараға еліміз бен Орталық Азия мемлекеттерінен келген жас таланттар  қатысады. Өткен жылы аталған байқау 20 жылдығын атап өткен болатын.