деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Құрбан айт мерекесі кезінде ауру-сырқау кісілерге барып көңілін сұрап, жылағанды жұбатып таяныш болу, тіпті біреудің маңдайынан сипап арқасынан қағып, жылы сөз айтсаңыз да сауап. Бүгінгі айт күнгі ниеттеріңіз бен шалатын құрбандықтарыңызды жаратушы иеміз қабыл етсін. Қажылық парызын өтеп жүрген және өзге елдегі бауырларымыз Отанына, еліне аман-есен оралуына Алла нәсіп етсін. Қасиетті мерекеміз құтты да, мүбәрак болып әрбір отбасына ынтымақ пен береке берсін. Елім-жерім, Отаным-халқым, дінім деп жүрген Мемлекет басшысы аман болсын. Келер жылдардағы айт мерекелеріне, дініміздің мерекелеріне, халқымыздың мерекелеріне, мемлекетіміздің мерекелеріне төрт көзіміз түгел, аман-есен жетуді Алла тағала нәсіп етсін", деді Әбсатар қажы Дербісәлі.
Бас мүфти сондай-ақ, осы сәтті пайдаланып, айт намазына жиналған барша қауымды бірнеше күндерден кейін желтоқсанның 16-сында келе жатқан мемлекетіміздің туған күні - Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Сондай-ақ Алла тағала тәуелсіздігімізді баянды етсін, халқымызды бұдан былай ешкімге тәуелді, кіріптар етпесін. Қазақ даласы мәңгі бақи азат, ынтымақ-бірлікте, ауызбірлікте еліміздің көркеюін, әлемде алдыңғы қатарлы елге айналуын Алла тағала бәрімізге нәсіп етсін деп тілек айтты.