«Қазақ саз өнері жеті нотадан да бай» - баспасөзге шолу
"Айқын" басылымында " Қазақ саз өнері жеті нотадан да бай" деген тақырыппен Қазақ ұлттық өнер университеті Қорқыт атындағы ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Риза Әлмұхановамен сұхбат жарияланып отыр.
Әңгiме ауаны негiзiнен жақында Астанада ТҮРКСОЙ ұйымы мен Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткен әлемнің 90 елінің өкілдерін біріктірген Дәстүрлі музыка жөніндегі халықаралық кеңестің 43-ші басқосуы жайында болды.
"43 ICTM Дәстүрлі музыкаға арналған халықаралық конференция ғалымдар мен ізденушілер үшін салмақты жиын, өйткені мамандар 69 елден келді. Географиялық тұрғыдан да ерекшеленеді, бір ғана АҚШ-тан - 69, Қытайдан - 39, Ұлыбританиядан - 22, Жапониядан - 21, Ресейден 15 өкіл келді. Бұған тағы да басқа көптеген елден келген мамандарды қосыңыз. Ал біздің мемлекеттен 67 адам ғылыми баяндама жасап, секциялық мәжілістерде пікірлерін ортаға салды", - дейдi Р.Әлмұханова.
Оның айтуынша, біздің елден қатысқан Амангелді Күзембайдың да тақырыбы жиналған қауымды қызықтырды, ол құймақұлақ балаларды іріктеп, ұстаз-шәкірт тікелей байланысы бойынша сабақ береді екен, конференция барысында ол өзінің Олжас атты шәкіртімен онлайн-дәрісті көрсетті.
"Қазақтың музыкалық үндерге бай екені, оның жеті нотаға сыймай жататыны айтылып жүр. Амангелді - Арқа ән мектебінің өкілі, сондықтан ол әр өңірдің, әр мектептің өз маманы ғана дәріс бере алады деген қағиданы ұстануы, негізінде, дұрыс. Бұл басқа өңірлерде де қолға алынуы керек, дәстүрлі ән-күй мектептерімізді түгел қамту жағын да ойластыру қажет. Сонымен қатар сахнаны шын жұлдыздар, шын таланттар емес, әуесқойлар «билеп» бара жатқандықтан, кәсіби білімді талап етудің қажеті жоқ деген ойға да ұрындырмауы керек. Қысқаша айтқанда, 43 ICTM Дәстүрлі музыкаға арналған халықаралық конференция біз үшін ой салған жақсы басқосу болды. Шетелден келген қонақтардың домбыраға, ұлттық киімдерге деген қызығушылығы басым болды. Оңтүстік Кореядан келген Heejin Kim домбыра аспабын сатып алып, еліне алып кетті, кеткенінше бір әнді үйреніп алды. Ал Австралиядан келген Indija Mahjoeddin қазақы ою салынған бірнеше бас киім мен аспапқа тағатын үкі, қамзол сатып алды. Осылайша, шеттен келгендер үшін де, өзіміз үшін де бұл алдағы байланыстардың дамуына ықпал ететін игі шара болды", - дейдi ол.
Сонымен қатар "Айқын" басылымында "Құшағы кең Ханой" атты жолсапар мақала жарияланды. Тақырып ауаны "Астанада өтетін ЭКСПО халықаралық көрмесіне Вьетнам қалай әзірленіп жатыр?" деген сауалдың аясында өрбидi.
"Жуырда еліміздің Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің комиссары Рәпіл Жошыбаев Вьетнам Социалистік Республикасына жұмыс сапарымен барып қайтты. ЭКСПО комиссарының сапары жайында бейнематериал дайындау мақсатында ұлттық арнаның Бейжіңдегі тілшілері де Ханойға бірге аттандық. Сапар барысында Рәпіл Сейітханұлы Вьетнам премьер-министрінің орынбасары Ву Дык Дам және басқа да құзырлы органдар өкілдерімен кездесті", - деп басталады мақала.
Сонымен қатар сапар барысында ЭКСПО комиссары Вьетнам Туризм, мәдениет және спорт министрінің орынбасары Хиюнь Винь Аймен кездесті. Вице-министр Вьетнам тарапы 2014 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың "ЭКСПО-2017" көрмесіне шақыруын қуана қабылдағанын айтты. "ЭКСПО-2017" Қазақстан үшін де, Вьетнам үшін де зор мүмкіндіктер ашады, - дейді ханойлық шенеунік. Жуырда Вьетнам тарапынан арнайы комиссар белгілеп, Астанаға ұйымдастыру жұмыстарын талқылауға жіберетінін де жеткізді.
Жалпы, Қазақстан Республикасын вьетнамдықтарға кеңінен таныстыру мақсатында ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесі комиссарының осы елге сапары барысында Doing business in Kazakhstan тақырыбында бизнес-форум өтті. Оған Үкімет өкілдерімен қатар 70-тен астам ірі вьетнамдық туристік және сауда компаниялары қатысты. Форум барысында «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық жұмыстары жайында бейнероликтер көрсетілді. Бұл бейнематериалдар жиынға келгендердің көңілінен шықты. Вьетнамдықтар біздің елдің сұлу табиғатына, елордамыздың инфраструктурасына қызығатынын айтты. Вьетнамдағы ең ірі «Saigontourist» туристік компаниясы «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясымен ынтымақтастық жөнінде келісім орнатты. Екі ел де туристік тауарлары мол екенін ескере отырып, арадағы қатынасты дамытуға күш салатынын жеткізді.
Вьетнамдықтар бұл басқосуда елімізде жоспарланған ең елеулі шара - "Астана ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесіне дайындық жұмыстарын бүгіннен бастап қызу жүргізетіндiктерiн де уәде еттi. ***
"Атырау мұнай өңдеу зауытында жаңа өнімнің алғашқы партиясы алынды" деп жазады "Егемен Қазақстан" басылымы бүгiнгi санында.
"Еліміздің мұнай өңдеу саласындағы тұңғыш кәсіпорын - Атырау мұнай өңдеу зауытында бірнеше сатылы қайта жаңғырту жобасы сәтті іске асырылып келеді. Алдымен, Жапонияның "Марубени Корпорейшн" компаниясы қайта жаңғырту жобасын іске асырған еді. Бұдан соң аталған зауытта Қытайдың "SІNOPEC Engіneerіng" компаниясы хош иісті көмірсутектер шығаратын кешен құрылысын жүргізуді қолға алды. Осыған орай АтМӨЗ және "Синопек инжиниринг" компаниясы арасында өзара шартқа қол қойылды. Жоба бойынша кешен құрылысына салынатын инвестициялық қаржының көлемі 1 миллиард 40 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл Елбасының 2015 жылға дейінгі мерзімде мұнай өңдеу зауыттарын қайта жаңғырту жөніндегі тапсырмасына орай қолға алынған алғашқы жоба болуымен ерекшеленді", - делiнген материалда.
"Жобаны іске асыру еліміздегі мұнай-химия өнеркәсібін дамытуға тың серпін береді. Мұны мамандар жоба туралы әңгіме басталғаннан бері айтып келеді. Нақтылай айтқанда, алдымен жылына 133 мың тонна бензол және бір жылда 496 мың тонна параксилол шығаруға қол жеткізеді. Сонымен бірге, осы жоба арқылы АтМӨЗ-де шығарылатын тауарлы бензиндердің сапасын Еуро-4 стандарты деңгейіне жеткізуге болады. Ал экологиялық тұрғыдан айтқанда, жанармай түрлеріндегі бензолдың мөлшері 1 пайыздан, хош иісті көмірсутегілер 35 пайыздан аспайды деп түсіндіреді мамандар. Бензин түрлері мен дизель құрамындағы күкірт мөлшері, қоршаған ортаға зиянды әсері азаяды. Еуро-4 стандартының талабы осындай. Дизель мен авиаотын өндіру де ұлғайтылмақ. Оның ішінде дизель көлемін қосымша сутегі алу есебінен молайтуға мүмкіндік бар екен", - дейдi газет.
Қазақстан енді биылғы жылдың 31 қазаны күні ДСҰ-ға кіргені туралы хаттамаға ратификация жасайды. Сонымен, біздің еліміз аталмыш ұйымның толыққанды мүшесі болып табылады. Бұл туралы "Егемен Қазақстан" басылымы "ДСҰ: уақытпен қатар жүру мүмкіндігі" атты мақалада хабарлауда.
"Айтылған уақыттың көзді ашып-жұмғанша жетіп келетіні анық. «Бұл Қазақстанның өзі «белгілеген» шектеулі мерзім. Ратификация жүзеге асырылғаннан кейін республика мұнымен ДСҰ-ның бас директорын хабардар етуі тиіс», - деді бұрнағы күні осы оқиғаға байланысты ДСҰ-ның ақпарат және сыртқы байланыс бөлімінің өкілі Мелисса Бегаг. Осы хабарламадан кейін ғана 30 күндік есеп кезеңі басталады. Ол Қазақстан ДСҰ-ның 162-ші мүшесі болғанға дейін басталуы тиіс. Ал мүшелікке өткені туралы хабарлама Кенияның астанасы - Найроби қаласында өтетін конференцияда жарияланады. «Алға қойылып отырған мақсат сондай, Қазақстан Найробидегі министрлер конференциясына толыққанды мүше ретінде қатысуға тиіс», - деп сөзін түйіндеді Мелисса Бегаг", - деп жазады басылым. *** Мәскеуде Ғибадат тауында (Поклонная гора) қазақ ұшқышы, екi мәрте Кеңес Одағының Батыры атағының иегерi Талғат Бигелдиновтың мүсiнi қойылмақ, деп хабарлайды "Экспресс К" басылымы.
Кеше батыр 93 жасқа толар едi.
"Алматының Армия үйiнде Бигелдиновтың құрметiне арналған көрме ашылды, 28 панфиловшы атындағы саябақта мәңгi алауға гүл шоқтары қойылды", - деп жазады газет.
Талғат Жақыпбекұлы 305 рет жауынгерлiк ұшу жасады. Оның қызы Галина Бигелдинованың сөзi бойынша, атақ-даңқына қарамастан, ол кiсi аса қарапайым едi және балаша аңқау едi. Оның үйiнде Кеңес Одағының ең танымал адамдары жиi қонақтайтын, мысалы ақын Роберт Рождественский мен Евгений Евтушенко. - Ол ақжарқын кiсi болатын, анекдоттарды жақсы көретiн, - деп еске алады Галина Талғатқызы. - Және ол өз Отанының нағыз ұлы болуға әрдайым талпынып келдi", - делiнген "Иногда героями становятся дважды" атты мақалада.