Қазақ спорт және туризм академиясы «Горельник» спорт кешенін академия меншігіне қайтаруды талап етіп отыр

АЛМАТЫ. Мамырдың 16-сы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Альпинистер дайындауға арналған «Горельник» тау спорты кешені Қазақ спорт және туризм академиясына қайтарылуы тиіс. Бүгін Алматыда Спорт және туризм академиясының (ҚазСТА)басшылығы баспасөз мәслихатын өткізіп, осындай мәлімдеме жасады.

Академияның ректоры Қайрат Закарьяновтың айтуынша, «Горельник» тау спорты кешені 2001 жылға дейін Академия меншігінде болған. 2001 жылы Академияның бұрынғы директорлар кеңесінің шешімімен «Горельник» ЖШС-на берілген.

«Сату келісімшартына сәйкес, «Горельник» ЖШС басшылығы базаны ҚазСТА студенттеріне оқу- жаттығуы үшін тегін беріп тұруы тиіс болатын. Алайда, бірнеше жылдан бері кешен басшылығы келісімшартты орындаудан бас тартып отыр. Қазір база ғимараттары мен мүлкі талан-таржыға түсіп кеткен. Студенттердің жаттығуы үшін біз база маңында шатыр тігіп, жаңа құрал-жабдық алып жатырмыз. Жалпы алғанда, кезінде бүкіл одаққа аты мәлім «Горельник» базасы өз жұмысын тоқтатты деуге болады. Осыған орай біз кешеннің Академияға қайтарылуын талап етеміз», деді ректор.

Аталған база 1932 жылы альпинистерді дайындау мақсатында құрылған. Ұлы Отан соғысы жылдары Кавказ тауларындағы ұрыс тағдырын шешкен 12 мыңнан астам атқыш-альпинистерді дайындап шығарған. Одан бері 2 мыңнан астам тау туризмі мен альпинизм бойынша нұқсаушы, жаттықтырушыларды дайындап шығарған. 1945 жылдан бері Қазақтың дене шынықтыру институының ұстаздарымен осы базада мыңнан астам мамандар дайындалған. Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта Қазақ спорт және туризм академиясының студенттері дайындалатын база ретінде жұмыс істеп келген еді.