Қазақ спорт журналистикасында жаңа footbol.kz электрондық басылымы жарық көрді

АЛМАТЫ. 25 қараша. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Қазақ спорт журналистикасы тағы бiр электрондық басылыммен толықты. Бүгін Алматыда www.footbol.kz сайтының ашылуына байланысты баспасөз мәслихаты өтті.

Сайт құрастырушысы әрі бас редакторы - Ермұхамед Мәулен. Аталмыш сайт қазақ спорт журналистикасында ана тiлiмiзде тұңғыш болып оқырманға жол тартқан «Аламан» сайтының ізін жалғастыра ашылып отыр.

«Ақпараттық толқынның электрондық түрi қарыштап дамыған заманда мұндай сайттың елiмiздегi саны аз спорттық басылымдардың қатарын толықтыра ашылуы құба-құп деп ойлаймын. Ел спортының, оның iшiнде, қазақ футболының күйiн күйттейтiн сайттың тұсауын кескенi барлығымыздың ортақ қуанышымыз», деді Е. Мәулен.

Оның айтуынша, жаңа электрондық басылымда әлем футболының жұлдыздары мен дүлдүлдерi туралы толыққанды мәлiмет берiп отырады. Сондай-ақ, деңгейi жоғары елдiң iшкi бiрiншiлiктерi жайлы арнайы сарапшылардың болжам бұрышы жасалған.