Қазақ спортын бүкіл әлем мойындайтын болды – Тоқаев

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше назар аудару Үкімет пен әкімдіктердің алдында тұрған аса маңызды міндет. Бұл туралы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Фото: Ақорда

— Бәріміз ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше назар аударуымыз керек. Бұл — Үкімет пен әкімдіктердің алдында тұрған аса маңызды міндет. Қазір осы салада жұмыс істейтін 30-дан астам арнайы мекеме бар. Астанада Ұлттық спорт университеті ашылды. Бұл оқу орны спорт саласындағы кәсіби кадрларды даярлауға шешуші үлес қосады деп жоспарлап отырмыз. Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы да табысты қызмет ете бастады. Елімізде жыл сайын қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, көкпар, бәйге және басқа да спорт түрлері бойынша мыңнан астам жарыс өткізіледі. Ұлттық спорт түрлерінің фестивалі, «Ақ бидай» ауыл ойындары, «Қазақстан барысы» додасы тұрақты түрде ұйымдастырылады, — деді Мемлекет басшысы.

Президент ұлттық спорт пен олимпиадалық спорт түрлерінің мәртебесі заң жүзінде тең мәртебеге ие болғанын басты жетістік ретінде атады.

Фото: Ақорда

— Бүгінде қазақ спортының беделі зор. Оны бүкіл әлем мойындайтын болды. Қазақстан спортшылары әрдайым үздіктер қатарында. Күні кеше даңқты спортшымыз Елена Рыбакина теннистен әлемнің бірінші ракеткасы атанды. Бұл шын мәнінде үлкен жетістік. Мен Елена Рыбакинаны құттықтадым. Оның еңбекқорлығы мен шеберлігін атап өттім. Бойындағы жеке мәдениетінің жоғары екеніне ерекше баға бердім, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 74 медаль жеңіп алды.