Қазақстанның өнімі әлемнің 110 елінің нарығына экспортталады
«Тәуелсіз Қазақстан үшін әуел бастан экономиканы дамытудың басымдығы жаңа елдегі барлық қайта құру үдерісінің логикасын айқындады. Тұңғыш Президенттің мұндай прагматикалық әдісі бұрынғы шектен тыс орталықтандырылған әкімшілік-командалық экономикадан заманауи нарықтық жүйеге көшу жөніндегі тарихи мәні зор мәселені тиімді әрі қысқа мерзім ішінде жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан посткеңестік кеңістікте табысты әрі ауқымды нарықтық реформаларды іске асыру жағынан көшбасшыға айналды.
Бұл шаралар кеңестік шаруашылықтың ыдырауынан кейінгі ауыр экономикалық дағдарыс, өндірістің құлдырауы және гиперинфляция жағдайында жүзеге асырылды. Бірақ Мемлекет басшысының дәйекті саясатының арқасында қиындықтарды еңсеріп қана қоймай, сондай-ақ ең бастысы - кәсіпкерлік пен бизнесті еркін дамыту үшін қажетті жағдай жасай білдік. Жаппай жекешелендірудің жүргізілуі, жекеменшік институтының енгізілуі кәсіпорындарды тиімді басқаруды қамтамасыз етіп, Қазақстанда нарықтық экономиканың толыққанды тетіктерін құруға мүмкіндік берді», - делінген мақалада.
Махмұт Қасымбековтің айтуынша, 1993 жылы ұлттық валютамыз - теңгенің айналымға енгізілуі еліміздің қаржылық егемендігін нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Сол арқылы қаржы жүйесін тұрақтандыруға және тәуелсіз ақша-несие саясатын жүргізуге мүмкіндік алдық. Нәтижесінде Қазақстан тікелей шетел инвестициясын тарту жөнінен ТМД елдері арасында алға шықты. Бүгінде оның көлемі 320 миллиард доллардан асты. Бұл - қолайлы инвестициялық ахуалдың әрі шетелдік серіктестердің елімізге және көшбасшымызға деген сенімінің айқын дәлелі.
«Қомақты инвестицияның келуі отын-энергетика кешенінің және тау-кен металлургия саласының қарқынды дамуын қамтамасыз етті. Бұл салалар үшінші мыңжылдық қарсаңында ел экономикасын тұрақтандырып, оның әрі қарай өркендеуіне жол ашты. Осыған орай 2001 жылы Ұлттық қордың құрылуы маңызды қадам саналды. Қор ұлттық экономиканы сыртқы қатерлерден қорғаудың және болашақ ұрпақ үшін қаржы жинақтаудың тиімді институты бола білді.
Дағдарысқа қарсы батыл саясаттың және терең нарықтық трансформацияның арқасында Қазақстан 1997-1998 жылдардағы Азия қаржы дағдарысының және 2008-2009 жылдардағы әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыстың қиындықтарын жеңді», - дейді ол.
Жаһандық нарықтардағы жағдайдың өзгеруі, озық елдердің төмен көмірсутекті экономикаға өтуі, цифрлы дәуірдің басталуы Қазақстан үшін ХХІ ғасырдағы жаңа сынақ кезеңдері болды деп атап өтеді автор.
«Осы жаңа технологиялық жағдайды ескеріп, Елбасы Қазақстан өнеркәсібін ауқымды түрде жаңғыртудың жолын белгілеп берді. Басты мақсат - шикізат емес тауарлар өндіруге бағытталған бәсекеге қабілетті әрі әртараптандырылған экономика құру. Осы жолда үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру және «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында инфрақұрылымдық әлеуетімізді нығайту маңызды белес болды.
Нұрсұлтан Назарбаевтың заманауи индустриялық саясатты іске асырудағы басты талаптарының бірі - қосымша құны жоғары өнім өндіру. Бүгінде бұл бағытта елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. Соңғы жылдары 1250 жаңа өндіріс орны іске қосылып, өнімнің жаңа 500 түрін шығара бастадық. Қазақстанның өнімі әлемнің 110 елінің нарығына экспортталады. 2009 жылдан бері қайта өңдеу секторындағы өндіріс көлемі 3 еседен асты», - дейді М.Қасымбеков.
Оның мәліметінше, қайта өңдеу секторының өнеркәсіптегі үлесі 36-дан 42 пайызға өсті, ал экспорттың жалпы көлемінде қайта өңдеу өнеркәсібінің экспорты 28-ден 32 пайызға артты. Машина жасау, соның ішінде автомобиль құрастыру қарқынды дамып келе жатқан салалардың біріне айналды. Ел аумағында сатылған әрбір жаңа автокөліктің екіншісі Қазақстанда жасалған.
«Тұңғыш Президент, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін дамыту және оны әлемдік деңгейге көтеру мәселелеріне ерекше мән берді. Еңбек өнімділігін арттыруға және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын ұлғайтуға бағытталған реформалар аграрлық сектордың өркендеуіне септігін тигізді. Еліміз бидай мен ұнды нарыққа шығаратын әлемдік экспорттаушылардың біріне айналды. Мал шаруашылығымыз да біртіндеп дамып келеді.
Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап еліміздің көлік әлеуетін дамытуға баса мән берді», деп атап өтеді автор.
М.Қасымбековтің жазуынша, Тұңғыш Президентіміздің стратегиялық көрегендігі мен ерік-жігерінің арқасында Қазақстан құрлықішілік тұйықталуды еңсеріп, еуразиялық маңызы бар транзиттік хабқа айналды. Ұзындығы 2 787 шақырым болатын «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі салынды. Транскаспий дәлізі қалыптасты. Оған Қытайдағы Ляньюнган шығыс порты, «Қорғас - Шығыс қақпасы» құрғақ порты, Каспий теңізіндегі Қазақстан порттары - Құрық пен Ақтауға дейінгі темір жол және автомобиль жолдарының желісі кіреді. Заманауи логистикалық инфрақұрылым салынып, тұрақты контейнерлік қатынас орнады. Осылайша Қазақстан жүк тасымалдаудың әлемдік жүйесінің маңызды бөлігіне айналды.
«Жалпы, елімізде осы жылдар ішінде 12,5 мың шақырымнан астам автокөлік жолдары және 2,5 мың шақырымнан астам темір жол салынып, қайта жөндеуден өтті. Солардың ішінде «Орталық - Оңтүстік» (Астана - Қарағанды - Алматы), «Орталық - Шығыс» (Астана - Павлодар - Өскемен) және «Орталық - Батыс» (Астана - Ақтау) магистральдарының құрылысы жүргізілуде. Еліміздің 16 әуежайындағы 12 жолаушылар терминалы және ұшып-қону жолақтары қайта жөндеуден өтті.
Ел экономикасының негізі әрі көптеген қазақстандықтардың әл-ауқатының қайнар көзі - шағын және орта бизнес дамып келеді. Шағын және орта бизнеспен айналысып жүргендердің саны бүгінде 1,2 миллионнан асты. Бұл салада 3,2 миллион азамат жұмыспен қамтылған. 2018 жылы шағын және орта бизнестің үлесі 27 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш 2005 жылы 10 пайыздан сәл ғана асқан еді», - дейді ол.
Қазақстан жаһандық сауда және өндіріс жүйесіне табысты кіріге білді. Сыртқы сауда айналымы 1995 жылдан бері тоғыз еседен асып, 9 миллиард доллардан 85 миллиард долларға дейін өсті.
«2015 жылы ұзаққа созылған келіссөздердің нәтижесінде Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болды. Соның арқасында еліміз сыртқы нарықтарда тең құқықтарға ие болып, Дүниежүзілік сауда ұйымының сауда дауларын реттеу және шектеу шараларының алдын алу жөніндегі мүмкіндіктерін пайдалануға қол жеткізді.
Елімізде орнықты орта тап қалыптасты. Жан басына шаққандағы жинақ 1997 жылдан бері 240 еседен асып, 1900 теңгеден 2018 жылы 460 000 теңгеге дейін артты.
Соңғы ширек ғасырдан астам уақыт ішінде табысы күнкөріс шегінен төмен тұрғындар саны 15 есе қысқарды, ал нақты еңбекақы көлемі 4 есе өсті», - деп жазады мақала авторы.
Махмұт Қасымбеков 2018 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығының құрылуы экономиканы әртараптандыру және қаржы қызметтерінің инновациялық кластерін қалыптастыру ісіндегі жаңа қадам болғанына назар аударады. Бұл институттың қызметі бағалы қағаздардың ұлттық нарығын қалыптастыруға, оның халықаралық қаржы нарықтарымен интеграциялануына, шетелден және ел ішінен инвестиция тартудың биржалық тетігін дамытуға бағытталған.
«Елімізде бизнес ортасын жақсарту және іскерлік белсенділікті дамыту үшін жүйелі жұмыстар атқарылуда. Дүниежүзілік банктің «Дуинг бизнес» рейтингінде Қазақстан тарихта бірінші рет 28-орынға тұрақтап, бизнес жүргізу үшін ең қолайлы отыз елдің қатарына қосылды.
2012 жылы «Қазақстан-2030» жалпыұлттық стратегиясының барлық міндеттері мерзімінен бұрын орындалды. Еліміз әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына және орташа даму деңгейіндегі мемлекеттер тобына қосылды. Қазіргі бағдарымыз - «Қазақстан-2050» стратегиясы. Соның нәтижесінде біздің республика Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының жоғары стандарттарына сай болып, әлемнің озық дамыған отыз елінің қатарына қосылады», - дейді М. Қасымбеков.