Қазақ тазылары Хельсинкидегі Дүниежүзілік иттер көрмесінде әлемге таныстырылды

Фото: Қазақстан кинологтары одағының баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – 8 тамызда Финляндия астанасы Хельсинкиде өтіп жатқан халықаралық кинологиялық федерация (FCI) эгидасы аясындағы World Dog Show 2025 дүниежүзілік иттер көрмесінде «Қазақ тазысы» ит тұқымы ресми түрде әлемге таныстырылды.

Қазақстан кинологтары одағы баспасөз қызметінің мәліметінше, дүниежүзілік іс-шараға Қазақстан делегациясы қатаң талап бойынша іріктелген әрі халықаралық деңгейде өнер көрсетуге барынша үйретілген 8 тазыны апарған. Әлемнің әр түкпірінен келген 25 000 үздік иттің ішінде қазақ тазылары FCI ұйымында тіркелген дербес ит тұқымы ретінде тұңғыш рет жұрт назарына ұсынылды.

Фото: Қазақстан кинологтары одағының баспасөз қызметі
Фото: Қазақстан кинологтары одағының баспасөз қызметі

Қазақтың төл ит тұқымдары алғашқы сайыста айтарлықтай маңызды нәтижеге қол жеткізді: 5 тазы өздерінің рингтерінде жүлделі орындарды жеңіп алды. «2025 жылғы Әлемнің жас чемпионы» аталымында Темірлан атты тазы жеңімпаз болды, Лашын – «Әлем чемпионы», Ару атты тағы бір тазы – «Әлем чемпионы», Көксерек пен Пана – «Әлемнің вице-чемпиондары» атанды.

Бұған қоса, Лашын мен Ару Финляндия чемпиондары ретінде марапатталды.

Қазақстанның таныстырылымы көрме қатысушылары мен қонақтарының қызығушылығын тудырды. Ұлттық атрибуттары бар жартылай орда түріндегі павильон іс-шарадағы көзге көбірек түскен алаңдардың біріне айналды. Қонақтар Қазақстаннан келген иттермен суретке түсіп, оның сыртқы сипатындағы ерекшеліктерімен, тарихымен, ерекше қасиеттерімен танысты.

Фото: Қазақстан кинологтары одағының баспасөз қызметі

Қазақстан кинологтары одағының тазының шығу тегі, қасиеттері туралы баяндады, халқымыз оны неліктен жақсы көретінін және қадірлейтінін түсіндірді, ол біздің ұлттық байлығымыз, халқымыздың жеті қазынасының бірі саналатынын жеткізді.

Қазақы тазыны сақтау және таныту жөніндегі жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, 2022 жылдың тамыз айынан бері ҚР Президенті Іс басқармасының жетекшілігімен жүргізіліп келеді. Үш жылда Қазақстан кинологтары одағымен бірлесіп, осы бағытта ауқымды жұмыс атқарылды.

Атап айтқанда:

– 2023 жылы тамыз айында Қазақстан кинологтары одағы FCI-дың толыққұқылы мүшелігіне өтіп, ұлттық ит тұқымдарын халықаралық аренада таныстыру құқына ие болды.

– 2024 жылы мамырда Астанада өткен монотұқымды иттер көрмесі кезінде FCI комиссиясы 100 тазыны зерттеді.

– 2024 жылы 3 қыркүйекте Амстердамда «қазақы тазы» тұқымын әдепкі тану туралы шешім шығып, Қазақстанға оның толыққанды иесі деген мәртебе берілді.

Фото: Қазақстан кинологтары одағының баспасөз қызметі
Фото: Қазақстан кинологтары одағының баспасөз қызметі
Фото: Қазақстан кинологтары одағының баспасөз қызметі

Тазы тұқымын дамыту, халықаралық сайыстарға белсенді түрде қатыстыру сынды шарттар орындалған жағдайда 2034 жылға қарай оны толықтай тану туралы шешім шығуға тиіс. World Dog Show 2025 көрмесіне қатысып, Хельсинкиде тазыларды ресми түрде жұрт назарына ұсыну осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі болды.

Фото: Қазақстан кинологтары одағының баспасөз қызметі

Бұған дейін Сенатор Бибігүл Жексенбайдың депутаттық сауалында қазақ тазысын сақтау және қорғау мәселесін көтергенін жазған едік.