Зұлхия Мұқанқызы 1920 жылғы 20 ақпанда Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген.
1958 жылғы 8 наурызда Зұлхия Мұқанқызы Нелли Омаровамен бірге Қазақ телевизиясының алғашқы эфирін ашқан дикторлардың бірі болды. Зұлхия Мұқанқызы қазақ тіліндегі алғашқы телевизиялық хабарды жүргізсе, Нелли Омарова орыс тіліндегі хабарды жүргізді. Осылайша, олар отандық телевизия тарихының алғашқы бетін ашып, ұлттық телеэфирдің қалыптасуына негіз қалады.
1958–1970 жылдары Қазақ телевизиясында қызмет атқарып, отандық телехабар тарату ісінің қалыптасуы мен дамуына, қазақ тіліндегі дикторлық өнердің өркендеуіне елеулі үлес қосты.
Телевизиядағы қызметімен қатар әдеби шығармашылықпен айналысып, балаларға арналған өлеңдер мен шығармалар жазды, аударма саласында да еңбек етті. Сондай-ақ Ғабит Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрында басшылық қызмет атқарып, ұлттық өнердің дамуына атсалысты.
Ұлттық телевизияның дамуына сіңірген айрықша еңбегі үшін 2026 жылғы 28 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Зұлхия Мұқанқызын «Құрмет» орденімен марапаттады.
-Қазақ телевизиясының бастауында тұрған көрнекті тұлғаның жарқын бейнесі, өнегелі өмір жолы мен ұлттық мәдениет пен руханиятқа сіңірген еңбегі ел жадында мәңгі сақталады,-делінген хабарламада.