«Қазақ теңізші бола алмай ма?» - республикалық басылымдарға шолу

ТАНА. 4 қазан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 4 қазан, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***
«Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында Қазақстан Республикасы­ның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақ­тың мемлекеттік Абай атындағы акаде­мия­лық опера және балет теат­ры­ның әншісі Майра Мұхамедқызымен болған "Шетелдегі менің екінші атым. Ол - Қазақстан" атты тұшымды сұхбатты жариялап отыр. Қазақ жеріне сонау Аспанасты елінен ат арытып оралған қандасымыз Тәуелсіздіктің қадірі сыртта жүріп-ақ білінгендігін және оның қаншалықты бағалы екендігін сезінгенін айтады. «Еркін сөйлеймін, еркін пікірлесемін, емін-еркін өлеңімді айта­мын. Маған бір адам тосқауыл қоя ал­майды. Өйткені, дербес тұлғамын. Ол - сол еркіндіктің арқасы», - дейді ол. «Рас, сырттағы өнер жолы оңай емес. Өйткені, шетелде сахнаға қазағымның аты менімен бірге шығады ғой. Қазірдің өзінде мені кім десе - бәрі «Қазақстан» дейді. Сондайда одан бетер жауапкершілікті еселейсің», - дейді әнші.

***

«Алаш айнасы» басылымының жазуынша, отандық мұнай кемелерімен қара алтынды шетелге тасымалдап жатқандардың басым бөлігі, тіпті 80 пайызы - өз мамандарымыз емес, шетелдік азаматтар. Еліміздің экономикасының көтерілуіне септігін тигізіп отырған - осы қара алтынымыз екендігін ескерсек, бұл саланың неліктен шетелдіктер жілігін шағып отыр. Ол жайында «Қазақ теңізші бола алмай ма?» деген мақаладан білуге болады.

***

«Қазақ елі биыл өз тарихында тұңғыш рет «Индустрияландыру күні» мерекесін атап өтетін болды!», деп жазады «Айқын» басылымы бүгінгі санында. Газеттің жазуынша, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі, өзге де жауапты мемлекеттік органдармен тізе қосып, бүгінде Индустрияландыру күнін мерекелеуге қызу дайындық жүргізуде екен. Мереке кезіндегі іс-шаралар жайында толығырақ «Тарихымызға тағы бір мейрам келді» атты мақаладан оқи аласыздар.

***

Өткен демалыста бұқара игілігі үшін «Медеу» мұз айдыны пайдалануға берілді, деп хабарлайды «Казахстанская правда» басылымы. «Әлемдік рекордтар фабрикасының» жаңа маусымын ашуға жүздеген алматылықтар мен қала қонақтары келді», - делінген «Медеудегі жаңа маусым» атты мақалада.