Шараға Қазақстанның әр түкпірінен және Қытайдан барлығы 150-ге жуық блогшы қатысып, Қазнеттегі келелі мәселелерді ортаға салды, тәжірибелерімен және жаңа жобаларымен бөлісті. Атап айтқанда, қазақ тілді сайттарды дамыту, блог саласындағы түйіткілдер, интернеттегі түрлі құралдарды пайдалану сынды өзекті мәселелер талқыланды.
Құрылтай аясында дәстүрлі сайттар мен жобалар да назардан тыс қалмады. Шара демеушілері «Қазақтелеком» АҚ ұсынған 1 жылдық тегін хостинг - «It tirlik» жобасын ұсынған Тимур Бектұрға, blogl.kz жобасы үшін - Елдар Құдайбергеновке, зерделі жобасы үшін - Нәзира Бұрхановаға, сондай-ақ 1 жылдық тегін мегалайн - «Қыздар әліппесі» жобасы үшін Айбек Қуандықовқа, bugin.kz жобасы үшін Мейірман Түйтешевке және Видеблог жобасының авторларына берілді. Ал «Қазтелерадио» АҚ ұсынған «Отау ТВ» жүлдесіне «Айқаракөз» сайты ие болды. Сондай-ақ үздік тұсаукесерлер мен блогшыларға Вeeline байланыс операторының сыйлықтары берілді.
«Былтыр негізінен блог саласы туралы сөз болса, биыл жалпы интернетке көбірек көңіл бөлінді. Сайттардың саны өскен. Бұл алдағы уақытта қазақ тілді сайттар үшін award деңгейіндегі интернет жүлде тағайындалуы керектігін, құрылтайдың жалпы интернетті қамтитын еліміздегі ең ірі шараға айналатынын көрсетіп отыр»,- дейді блогшы, журналист Ербол Азанбек.
Еске сала кетейік, қазақ тілді блогшылардың бірінші құрылтайы 2011 жылы Алматы қаласында өткізілген болатын. Алыс-жақын шет елдерден және Қазақстанның әр өңірінен жиналған 200-ге жуық блогшы екі күн бойы Қазнеттің келелі мәселелерін талқылаған еді.