Қазақ тілді ең үздік блогтар анықталды

АЛМАТЫ. 24 наурыз. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда тұңғыш рет өткен қазақ блогшыларының І құрылтайы барысында қазақ тіліндегі 2011 жылдың ең үздік блогтары анықталды.

Журналист Өркен Кенжебектің блогы «Ең көп жаңаланатын блог» аталымы бойынша үздік деп танылды. Ал «Ең көп талқыланатын блог» аталымында Дінмұхаммед Зиядиннің «Қисық» атты блогы, «Ең пайдалы тақырыптық блог» аталымында «Аспаздық» блогы, «Ең үздік ақпараттық блог» аталымында блогшы, журналист Асхат Еркімбайдың «Өрімтал» блогы, «Ең үздік ақпараттық-технологиялық блог» аталымында журналист, блогшы Ербол Азанбектің «авто.кз» блогы, «Ең үздік саяси-әлеуметтік блог» аталымында журналист, блогшы Бүркіт Нұрасылдың «Ақиық» блогы дара шықты. Ерлан Оспанның блогы «Ең сауатты блог» деп танылды.

Сонымен қатар «Ең жас блогшы» ретінде Моңғолияда тұратын кішкентай қандасымыз Лашынның блогы аталды. Ал ең үздік пікір жазушы болып Асқар Базарбаев танылды.

Биылғы жылдың үздік блогтарына «Nokia» компаниясы ұялы телефон сыйға тартса, «Қазақтелеком»АҚ-ы 1 жылға тегін «Мегалайн» қызметін ұсынды, сонымен қатар НР компаниясы түрлі-түсті принтер мен нетбук сыйға тартты.

Сонымен қатар құрылтай барысында старт-ап байқауы өткізіліп, 3 үздік жоба анықталды. Германияда оқитын студент Сағын Қалдыбековтың «Ана мен бала» сайты, Талғат Байназаровтың «Geogebra» жобасы, Ербол Серікбайдың termin.kz сайты, моңғолиялық қандасымыз Өмірбек Қабайдың «kazlife.com» сайты үздік деп танылып Kcell/GSM Қазақстан компаниясы тарапынан 100 мың теңге мен «Қазақтелеком»АҚ тарапынан тегін хостингке ие болды.