***
«Егемен Қазақстан» газеті барша иісі қазақ жұртына қуанышты жаңалық таратты. Көршілес жатқан Ресей елінің Омбы облысындағы мектептерде қазақ тілі пәні енгізілді. Алдымыздағы қыркүйек айынан бастап мұндағы кез келген оқушы қазақ тілінде оқи алады. Ана тіліміз тек мектептерде ғана емес, сонымен қатар, балабақшаларда да енгізілді. Осыған байланысты арнайы сыныптар ашылған.
«Ресми мәліметтер бойынша, бұл өңірде 100 мыңнан астам қандасымыз тұрады екен, туу көрсеткіші бойынша көш бастап тұр. Сонымен қатар, тілі мен ділін, салт-дәстүрін қатар ұстанып, ата-баба жолынан айнымай келеді. Осындай жандардың бірі - Омбы қаласының тұрғыны Ләззат Шахуова. Қаннан берілген қазақылық оны ұлттық өнерге қарай тарта беретін болса керек, қолы қалт етсе болды, нақышына келтіріп, ою-өрнектермен әрленген түрлі құрақ көрпелер, жастықтар, ұлттық киімдер тігуге құмар», - деп жазады басылым «Қазақ тілі Омбы мектептеріне енгізілді» атты мақалада. - Бұл жақта туыстарым өте көп. Қазақтың той-думаны азайған ба! Тапсырыстар түсіп жатады. Жора-жолдастарым сұраса, өтініштерін орындаймын. Осыған қарағанда, соңғы кездері Омбыдағы қазақтар салт-дәстүрге бет бұрған секілді, сонымен қатар, көбіне, іс-шаралардың ұлттық нақышқа сай өтіп жатқанын байқаймын. Жеке тапсырыстар алу өзімнің жеке хоббиім десем де болады», - дейді Ләззат Шахуова.
***
Шұбат, қымыран ұлттық бренд бола ала ма? Осы сауал төңірегінде «Егемен Қазақстан» газеті ой толғап көреді.
Басылымның жазуынша, түйе сүтінде Лактоферин сиыр сүтінен 30 есе көп. Түйе сүтінен жасалатын қымыран, басқаша айтқанда, шұбат адам ағзасына өте пайдалы дәруменге бай.
М.Тоқановтың ғылыми зерттеу нәтижелері түйе сүтінің витаминдері мен микроэлементтері жоғары деңгейде болатындығын анықтады. Бір литр шұбат адам ағзасына тәуліктік қажетті А, С, В1, В2, D, Е дәрумендерімен қамтамасыз етеді. Адам ағзасына ең қажетті витаминдер С 5 есе, РР 3 есе, Е 2 есе, темір микроэлементі 10 есе, кальций 1,5 есе, ал ақуыздағы лактоферин ферменті 30 есе сиыр сүтінен артық екендігі дәлелденген. Түйе сүтінің ақуызында иммуноглобулин, лактоферин, емдік антиоксиданттарға ие, иммунды күшейтетін құрамдар, келеңсіз бактериялар мен вирустарды жоятын лактоферин сиыр сүтіне қарағанда 30 есе көп, сиыр сүтінде (0,08 мг/мл лактоферин болса, түйе сүтінде 2,48 мг/мл) ол адамның ағзасында ауру тудыратын бактериялар мен вирустарды жойып, ағзаға күш-қуат береді. Бір литр түйе шұбатының қуаттылығы - 911 ккал, жылқы кымызының қуаттылығы - 528 ккал-ға тең, сиыр айранында 660 ккал бар.
Қазіргі және халықтық медицинаның ұсыныстары бойынша түйе сүтінен жасалған шұбат күнделікті пайдаланған кезде туберкулез, іш құрылысы, бауыр, қан жетіспеушілік, қант диабеті, обыр және Альцгеймер сияқты ауруларды емдеуде қолданылатын бірден-бір емдік тағам болып есептеледі.
«Тоқетерін айтсақ, түйе сүтінен жасалған құрғақ ұнтақ Қазақстанға мұнайдан әлдеқайда көп табыс береді. Мұның бәрі ғылыми дәлелденген. Егер Тоқановтың қолына түйе сүтін өңдейтін ғылыми жаңалығы зор қондырғыға қажетті ақша тауып бере алсақ, онда ол ЭКСПО-2017-ге әлемде баламасы жоқ қазақстандық бренд өнімді қоюға шамасы жетер еді», - делінеді «Баламасыз бренд» атты мақалада.
***
«Айқын» басылымының бүгінгі санында «Жанар-жағармай нарығы: сегіз ай өткен соң» атты мақала жарияланып отыр.
«АИ-92 маркалы жанармайына шекті бөлшек бағадағы мемлекеттік бақылауды алып тастағалы бері осынша уақыт өтіпті. Ал соңғы кездегі жанармай бағасының қымбаттауына қатысты алып-қашпа әңгімелер (1 литр бензиннің бағасы 230 теңгеге шарықтайды деген әңгімелер айтылған) ақталған жоқ. Отандық жанар-жағармай нарығында әзірге тұрақтылық сақталуда. Дегенмен, объективті себептерге байланысты күндердің-күні бензин бағасының қымбаттарын жоққа шығаруға болмайды», - делінген мақалада. - Айталық, қазірден-ақ алдағы уақытта жанармай бағасының қымбаттарын болжауға болады. Көктем жанармайға деген сұраныс артатын уақыт. Міне, осы аралықта бағаның шарықтауы мүмкін. Оның үстіне Қазақстан жанармайдың 30 пайызын тасымалдайтын Ресейде АИ-92 маркалы бензинінің бағасы литріне 35,55 рубльге өсіп кетті. Бұл біздің валютаға шаққанда 178 теңге. Бағаның қымбаттауын немен түсіндіруге болады? Бұл бірінші кезекте, мұнай бағасының төмендеуіне байланысты. Осының салдарынан бюджет тапшылығы сезіліп, жыл басынан бері Ресей мұнай өнімдерінің акцизін екі есеге көтеруге мәжбүр болды. Екі есе өскен акциздің салдарынан жанар-жағармай бағасының биржалық бағасы 2016 жылдың І тоқсанында біршама шарықтады. Ал мұндай жағдайда ресейлік тасымалдаушыларға Қазақстанға мұнай өнімдерін жеткізу тиімсіз. Себебі, біздегі бөлшек саудадағы баға тым төмен».
***
Шетелде жүрген қазақ ғалымдары елге қайтарылатын болады, деп жазады «Айқын» келесі мақаласында.
Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Назарбаев университетінде «Зияткер Қазақстан» деген тақырыппен өткен дөңгелек үстел отырысына қатысты», - делінген «Шетелдегі ғалымдарымыз Отанға жаппай тартылады» атты материалда.
Дөңгелек үстел барысында үш панельдік сессия өтті, онда отандық ғылымды одан әрі дамытуға және қазақстандық ғалымдардың ғылыми ізденістерін ілгерілетуге қатысты өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.
Мемлекеттік хатшы зерттеудің еліміздегі ішкі ресурстарын дамытудың маңыздылығына, шет елден ғалымдарды, соның ішінде жатжұртта жүрген, әлемде ғылыми жаңалық жұмыстарымен танымал қазақстандық ғалымдарды Отанға жаппай тарту қажеттігін ерекше атап көрсетті.
Олар үшін елімізде бар жағдай жасалуда. Бүгінде Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» бағдарламасын іске асыру мақсатында «Индустрияландыру және экономикалық өсім» бағыты бойынша ғылымды қажет ететін экономиканы қалыптастыру негізі ретінде Қазақстанда екі зияткерлік-инновациялық кластер құрылған. Бұлар - Назарбаев университетіндегі «Астана бизнес кампус» хайтек-паркі және Алматыдағы «Алатау» технопаркі. Бұл ретте «Астана бизнес кампусында» ғылыми орталықтар мен зертханалар орналастырылады. Ал инновациялық технологиялар паркіне нақты өндірістік жобаларды іске асыру үшін шетелдік және отандық жоғары технологиялы компаниялар тартылмақ.
***
Қазақстанның сыртқы қарызы шамамен ІЖӨ-нің 20 пайызын құрайды. Бұл туралы кеше Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті. Жалпы отырыста «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланған болатын.
Келісімге 2016 жылдың 17 ақпанында Астана қаласында қол қойылған. Келісімге сәйкес, Дүниежүзілік банк Қазақстанға макроэкономикалық басқару және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру саясатын қаржыландыру үшін 1 миллиард доллар мөлшерінде қарыз береді. Қарыз қаражаты еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдықтарын қолдауға және Үкіметтің экономикалық ынталандыру және экономикалық өсімге көмектесу жөніндегі стратегиялық шараларын орындауға мүмкіндік береді.
«Аталған қарыз ағымдағы жылғы бюджеттің тапшылығын қаржыландыруға бағытталады. Қарызды өтеу республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады - деді ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов. Жалпы қарыз Қазақстанға 2,5 жылдық жеңілдік кезеңді қоса алғанда 20 жыл өтеу мерзімімен беріледі.
Б.Сұлтановтың сөзіне қарағанда қажеттілік туындаса Үкімет Дүниежүзілік банктен 2 млрд долларға дейін қарыз алуына болады екен. Оның айтуынша, түсімдердің төмендеуіне байланысты бюджет тапшылығы былтыр үш пайызға дейін арттырылды. Биыл да тапшылық шамамен үш пайызға болжанған болатын. «Әзірше бюджет тапшылығы бір пайыз шамасында тұрақтап тұр. Негізінен біз Дүниежүзілік банкпен келіссөздерді екі миллиард доллар көлемінде жүргізген болатынбыз. Сондықтан да бірінші кредит бойынша бір миллиард доллармен шектеліп отырмыз. Дегенмен, алдағы уақытта еліміз үшін тағы бір миллиард доллар алуға қажеттілік туындаса, онда біз оны тарта аламыз», ̶ деді Б. Сұлтанов. Толығырақ, «Түркістан» газетінің «Дүниежүзілік банк Қазақстанға 1 миллиард доллар қарыз бермек» атты мақаласынан оқи аласыздар.
***
Алты баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты әке Ержан Ибраев өз әйелінің алимент төлеуіне қол жеткізе алмай жүр, деп жазады «Экспресс К» «Шестой алимент» атты мақалада.
Зайыбы күйеуі мен өз балаларын бірнеше жыл бұрын тастап кеткен.
«Қазір 59 жасқа келген Ержан Ибраевтың бірінші әйелі толғақ кезінде қайтыс болған, бірақ ол екі ұл сыйлап үлгерді. Оған жаңа жағдайға икемделуге тура келді», - делінген мақалада.
- Екінші ұлым балалардың церебральді сал ауруына шалдыққан, - дейді Ержан Ибраев. - Бірақ уақыт өте келе мен өмірге оңай қарай бастадым.
Бірнеше жыл өткеннен соң, ол Анастасияға үйленеді. Тағы үш ұл мен қыз дүниеге келеді. Осы кезде зайыбы өзі үшін өмір сүргісі келетіндігін түсінеді. Оның қызына небәрі үш ай болғанда ол үйден кетіп тынады.
Қазір бұл көпбалалы отбасы үйдегі жеке шаруашылық пен 40 мың теңге мемлекеттік жәрдемақы есебінен өмір сүруде. Үлкен қиындықтарға қарамастан, Ержан Ибраев өмірдің қуаныштарын сезінуді ұмыт қалдырмаған:
- Мен өз балаларымды жақсы көремін, олар да мені сүйеді. Солар үшін ғана өмір сүремін.