***
«Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санының қомақты бөлігін
кеше Мәдениет министрлігі дайындап, Үкіметте қаралған Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасына арнапты. Басылымның жазуынша, отырыс барысында тіл барша қазақстандықтардың мемлекеттік
тілі - қазақ тілі руханиятымыздың, ұлттық болмысымыздың, мемлекеттілігіміздің, тәуелсіздігіміздің басты тірегі десек, мемлекеттік бағдарлама жобасы ең әуелі мемлекеттік тілді он жыл мерзімде
жан-жақты дамытудың негізгі бағыт-бағдарын айқындауға арналғандығы айтылды. Бағдарламаның басты ерекшелігі - оны әзірлеу барысында 30-дан астам шетелдің тіл саясаты мен құқықтық реттеу тәжірибесі зерделеніпті. Отырыста жобамен өзінің жан-жақты танысқанын айтқан белгілі қоғам қайраткері Амангелді Айталы аталмыш құжаттың тілдің өміршеңдігін қамтамасыз етуде айтарлықтай рөл атқаратынын, алайда оны әлі де болса жетілдіре түсу қажеттігі жөніндегі пікірін білдірген. Аталмыш мәселе жөнінде «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Төртеу түгел болса, тіл төрге озады» атты мақаладан оқуға болады.
Сондай-ақ басылым бүгінгі санында тамыз айының 1-інен бастап, еліміздің барлық өңірлерінде «KEGOK» АҚ-ның жүйелері бойынша электр энергиясын таратудың бірыңғай тарифі енгізілетін хабарлайды. Тұтынушының қай жерде тұратындығына қарамастан Ұлттық электр жүйесіне қосылу қашықтығына қарамастан, электр қуатын тарату тарифі қосымша құн салығынсыз бірыңғай электр энергиясының
1 кВт/сағатына 0,94 теңге болып белгіленді. Бұл туралы басылымның бүгінгі санындағы «Электр қуатының бірыңғай тарифі белгіленді» атты мақаладан қанығуға болады.
***
«Айқын»бүгінгі санында «Жастардың саяси белсенділігін мемлекет көтеруі керек пе» деген қызықты мақала жариялапты. Мақала авторының сарапшылардың пікірлеріне сүйене отырып жазғандарына қарағанда, қазіргі жастардың көпшілігі саясатқа қызықпайды әрі қоғамды өмірге де араласқысы жоқ. Жастардың азаматтық позициясы да мығым емес көрінеді. Алайда өзіміздің отандық сарапшылар бұл пікірмен толық келіспейді. Олардың осы мәселе төңірегіндегі ой-пікірлері жөнінде «Айқынның» бүгінгі санынан оқи аласыздар.
«Қазақ халқы соңғы бір ғасыр аралығында өзінің мың жылдық тарихи құндылығынан көз жазып қалды. Тіпті қазіргі қазақ кешегі өзінің ата-бабасының мыңдаған жылдар бойы Ислам әлемінде беделді ұстаздық рөл атқарып келгенінен бейхабар күй кешуде. Жалғыз «көктегі тәңірге» табынып, әлемге ат ойнатқан сақтар ұрпағы Ислам діні келгенде сол дінді өз еркімен қабылдап, соған қасық қаны қалғанша қайратын жұмсап, мұсылман болған шақты да өз ішінен мыңдаған Әл-Фараби секілді ғұламалар шығарып, өз қанының ұлықтығын әлемге тағы бір рет танытты», дейді теология ғылымдарының докторы, Нұр Мүбәрак Ислам мәдениеті университетінің профессоры Мұхитдин Исаұлы «Айқын» басылымының тілшісіне берген сұхбатында. Ғалымның осы мәселеге қатысты пікірлерін басылымның бүгінгі санындағы «Барлық саясаттың да, мәдениеттің де өзегі - дінде» атты сұхбаттан оқуға болады.
***
«Тәуелсіз еліміздің ақпараттық кеңістігін қамтамасыз ету үшін шетелден келетін ақпараттық тасқынға белгілі бір мөлшерде тосқауыл қоюымыз керек. Ашық қоғам құрып, өзін демократиялық мемлекет санайтын батыс елдерінің БАҚ туралы шетелдік өнімдердің 20 пайыздан аспауын қадағалайтын арнайы баптар бар. Әлемнің көптеген елінде осы дәстүр сақталған», дейді Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Намазалы Омашев. Ал Қазақстан гуманитарлық-саяси коньюнктура орталығының президенті Есенжол Алияровтың пайымдауынша, бас салып барлық шетелдік телеарналарды жауып тастау дұрыс емес.
Бұл мәселеге қатысты өзге де сала мамандарының пікірлерін «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін шетелдік телеарналарға шектеу қою керек пе?» атты мақаладан оқуға болады.
Сондай-ақ осы басылымның жазуынша, алдағы тәуліктерде Қазақстанның шығыс аймағының біраз бөлігінде жауын жауып, ұйытқып жел соғады. Ал еліміздің қалған өңірлерінде антициклон тарайды деп күтілуде. Бұл туралы басылымның бүгінгі санындағы «Аптап ыстық келе жатыр» атты мақалада.
***
«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Қазақстанның мемлекеттік қызметкерлерін дайындау үшін 60 мың еуро бөлу туралы Францияның «Тоталь» мұнай-газ компаниясымен арнайы келісімге қол қойды. Құжаттың мақсат-міндеттері мен оның іске асырылу жайы жөнінде басылымның бүгінгі санындағы «Инвестиций в интеллектуальный потенциал» атты мақаладан білесіздер.