Қазақ тілі Википедиадағы тілдер рейтингісінде 125-орыннан 38-орынға көтерілді

АСТАНА. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақ тілі Википедиадағы тілдер рейтингісінде 125-орыннан 38-орынға көтеріліп, мақала саны 100 мыңнан асатын "жетік" деп танылған 40 тілдің қатарына кірді,

деп хабарлайды ҚР Премьер-Министрінің pm.kz сайты.

«Бұл жоба 2011 жылдың маусым айында қолға алынды. Содан бері Википедия энциклопедиясының қазақ тіліндегі бөліміндегі мақалалардың саны 10 есеге өсіп, 100 мыңнан асты. Қазақша мақалалар жазатын және өңдейтін ерікті редакторлар саны да 4 адамнан 250 адамға жетіп отыр. Осының арқасында қазақ тілі Википедиадағы тілдер рейтингісінде 125-орыннан 38-орынға дейін көтеріліп, мақала саны 100 мыңнан асатын "жетік" деп танылған 40 тілдің қатарына кірді», - деп жазады сайт.

Қазіргі таңда Қазақ Википедиясындағы мақалалардың саны 125 мыңнан асады.

Бұл аралық нәтиже дүниежүзілік энциклопедияның тілдік тарауларының ішіндегі үздік жетістік деп танылып отыр. Тамыз айында Израильдің Хайфа қаласында өткен «Wikimania-2011» конференциясының қорытындысы бойынша қазақстандық «WikiBilim» қоры «2011 жылдың ғаламдық википедиашысы» атағын иеленіп (Global Wikipedian of the Year), Википедианың негізін қалаушы Джимми Уейлстің (Jimmy Wales) арнайы грантын жеңіп алды.

Жобаның мақсаты - Википедия ғаламдық энциклопедиясындағы қазақша мақалалардың саны мен сапасын өсіру және онлайн-сауаттылықты арттыру.