«Қазақ тілін білетін болсаңыздар, 200 миллион адам сөйлейтін халыққа кілт табасыздар»

None
АСТАНА. Тамыздың 27-сі. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда тамыздың 27-сі, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қостанай өңіріне жасаған сапары туралы кең көлемді мақала жарық көрді. «Қостанайдағы көп іс көңілімнен шықты» атты материалда қуаңшылықты еңсере білген облыс диханшыларының мәселесі назарда болғандығы аталып өтіледі. Сонымен қатар аптап ыстықта астығы бітік шықпай қалған шаруаларға көрсетілетін мемлекеттік көмек пен осы саладағы жұмыстар турасында шешімін тапқан өзекжарды мәселелер баяндалады. «Бұл салаға мемлекет 225 миллиард теңге қаржы бөліп отыр. Соның арқасында егін және мал шаруашылығының дамуы үшін субсидиялар бөлінеуде. Ұқсату кәсіпорындары ашылуда», дейді газет тілшісі. «Мен Қостанай облысында атқарылып жатқан істерге ризамын. Биылғыдай күрделі жылдың өзінде мұнда 4 миллион тоннадай астық жиналатын болады. Айналамыздағы көптеген елдерде қуаңшылыққа байланысты күрделі жағдай қалыптасып отыр. Ал Қазақстанның қамбасы астыққа толады, ол сыртқа сатуымызға да, ішкі қажеттілікке пайдалануымызға да, қорға, тұқымға қалдыруымызға да жетеді. Ең бастысы - халық тоқ болады, - деді Нұрсұлтан Назарбаев», деп түйіндейді «Егемен Қазақстан»

Енді 3 күннен кейін қазақ еліне Конституцияның 15 жылдығы мерекесі де келеді. Еліміздің мемлекеттік мерекелері тізбесінде бұл тарихи мәні жөнінен аты Тәуелсіздік күнімен қатар аталатын аса маңызды даталардың бірі. Соған байланысты «Егемен Қазақстан» басылымында ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбековтің «Президенттің төл перзенті» атты мақаласы жарыққа шықты. Бас құндылықтарымыз Қазақстан Конституциясы, ел Тәуелсіздігі өткен ғасырдың 90-шы жылдары қалай және қандай қиындықтармен қолға жеткендігі турасында кеңінен әңгімеленген материалда Ата Заңымыздың қабылдауына Елбасының қосқан өлшеусіз ықпалы кеңінен айтылған. «Осыдан 15 жыл бұрын қызу өріс алған саяси күрес жағдайында еліміздің Ата Заңын әзірлеу мен қабылдау үдерісі зияткерлік және рухани күштердің тастүйін жұмылуын талап етті. Әрі ол заңды түрде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төңірегіне топтасқан демократиялық өзгерістерді жақтаушылардың қиын да талассыз жеңісімен аяқталды», дей келе, Елбасының сол бір қиын да ауыр кезеңдердегі мына сөздерін келтіреді: «Мен ғалым-заңгерлерден жұмыс тобын құруды ойға алып отырмын. Оның жемісті жұмыс істеуі үшін барлық қажетті әрі жеткілікті жағдайлар жасалуы керек. Бізге жаңа Конституция керек, егер біз оны қазір әзірлей алмасақ, онда елімізді жоғалтып алуымыз мүмкін. Қиындықтардан қашу, өзгенің жетегіне еру алған бағытымыздан ауытқу дегенді білдіреді, оны бізге тарих та, болашақ ұрпақтар да кешпейді. Таяудағы айларда біз бар күш-жігерімізді жұмылдырып, кәсіби мамандарға сүйене отырып, бұл іске ең кемел, саналы әрі жан-тәнімен берілген адамдарды тартуымыз керек...».

Қазақстанда астрономия насихатты, қолдауды қажет ететін салалардың бірі. Жастардың бұл мамандыққа бет алуы тәуелсіздік жылдарында күрт азайып, қазіргі уақытта осы саладағы мамандарды даярлайтын жоғары оқу орындарының да саны бірді-екілі. Мемлекет тарапынан бөлінетін 40 оқу гранты бөлінгенімен, білім алып шыққандардың шамамен 3-4-і ғана аталмыш ғылымда қалса, қалғандары басқа салаға кетеді екен. Сонда қалайша «ғарыштық держава боламыз» деген сұрақтарға жауап іздеуге тырысқан «Алаш айнасы» басылымы тілшісінің «Астрономияны білмесек, аспанды қалай игереміз?» мақаласы бірнеше өзекті мәселеге ден қояды.

Сонымен қатар «Алаш айнасы» «Қазнетте жаңа домен пайда болмақ» деген жағымды жаңалық жариялады. Басылым ғаламторда «.қаз» атты жаңа доменнің жұмыс істей бастағандығын және бұл екінші дәрежелі домендік атауларды қазақ алфавиті нышандарымен тіркеуге мүмкіндік береді деп отыр.

«Айқын» газетінің бүгінгі нөмірі мемлекеттік тіліміз - қазақ тіліне арналған тақырыптарға қалам тербейді. Айхан Шәріптің жарыққа шыққан мақаласы «Қазақ тілін білетін болсаңыздар, 200 миллион адам сөйлейтін халыққа кілт табасыздар» атты мақаласында кешегі Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің 7-ші жиынында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің қатысуымен қазақ тілінің дамуына қатысты талқылауларды баян етеді. Ол жиында 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік Тілдердің қызмет етуі және және дамыту бағдарламасы жобасын биылғы жылғы қазан айының 1-іне дейін жасақтауды тапсырған болатын. Соған орай, бағдарламаның негізгі жауаптысы Мәдениет министрлігі, ал ол кеңестің басты мүшелері білім және ғылым саласының басшысы Жансейіт Түймебаев сондай-ақ ақпарат және байланыс саласының басшысы Асқар Жұмағалиев болып отыр. «Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мемлекеттік тілге мұрын шүйіре қарау сынды кесел жастардың біразына тән екендігін ашық әрі қынжыла айтты. «Жер бетіндегі түркі тілдес халықтардың саны 200 миллионға жуықтады. Түркияның өзінде халық 70 миллионнан астам. Сол бүкіл түркі халықтары тілінің әдеби тілінің нормасы Қазақстанда, қазақ тілінде сақталған. Өйткені біздің тіліміз таза түркілік табиғи қабілетін, қасиетін сақтап отыр» деп баса айтты», дейді «Айқын» газеті.

Сонымен қатар «Айқын» басылымында осы тақырыпта «Оралмандарға орыс тілін үйрету керек пе?» атты материал басылды.

Ал «Литер» газеті Ядролық қарусыздану бойынша халықаралық конференцияның қатысушыларына арналған Қазақстан Президентінің үндеуі жайында кеңінен әңгімелеп, талдайды. «Ядерная весна» атты мақалада Елбасымыздың Біріккен Ұлттар Ұйымына атомдық сынақтардан жапа шеккендерге көмек көрсету қорын құру туралы ұсыныс тастағаны туралы сөз етеді.