Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қоры Журналистика күні қарсаңында қазақ тілін насихаттауға қосқан үлесі үшін арнайы сыйлық тағайындады.
Бұл марапаттың мақсаты - Қазақстанда тілдік үдерістерді жан-жақты және шынайы жариялап, қазақ тілінің құндылығы мен маңызы туралы қызықты материалдар жасаған, кәсіптік қызметінде қазақ тілін жетік игерген баспасөз және электрондық БАҚ қызметкерлерін көтермелеу.
Қордың 50 мың теңге мөлшеріндегі бірінші үш ақшалай сыйлығына «Ана тілі» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Ержан Байтілес, «Казахстанская правда» газеті бас редакторының орынбасары Сәбит Малдыбаев, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облыстық «Рудный Алтай» газетінің тілшісі Қабдылқайыр Құдайбергенов ие болды.
Қор директоры Азат Шәуеевтің айтуынша, Президенттік қордың жаңа журналистік сыйлығы жыл сайын аймақтық басылымдар мен интернет-БАҚ-ты қоса алғанда, орыс және қазақ тілінде шығатын барлық қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарына мониторинг негізінде берілетін болады.