Қазақ тілін насихаттауға арналған екі республикалық байқаудың қорытындысы шығарылды

АСТАНА. Қыркүйектің 16-сы ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін елордадағы Ұлттық баспасөз орталығында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік тілді дамыту қорының ұйымдастыруымен өткен «Береке мен бірлік тілі» және «Қазақстанның ең үздік әдістемесі» атты республикалық байқаулардың қорытындысы шығарылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақ тілін насихаттайтын үздік жарнамалық сценарийлерді анықтауға арналған «Береке мен бірлік тілі» байқауының қорытындысына сәйкес бірінші орынды қостанайлық әдіскер мамандар - Ирина Артюшина, Ирина Абдулхалықова және Анна Горбушиналар иеленсе, «Азаматтық қоғам қорының сарапшысы Владимир Ковтунский және «Астанателеком» АҚ қызметкері Мейрамгүл   Мерғалиева екінші және үшінші орындарды қанағат тұтты.

Сондай-ақ «Қазақ тілінің ең үздік әдістемесі» байқауында бірінші орын - «Хабар» агенттігінің тілашар бағдарламасына, екінші орын - Қарағанды облыстық тілдерді оқыту орталығына және үшінші орын алматылық әдіскер Елена Романенкоға бұйырды.

Бүгін байқау қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында барлық жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар тапсырылды.  Екі республикалық байқаудың сыйақы қоры 1 млн. 150 мың теңге.