Қазақ тілін оқыту орталықтары үшін бірыңғай бағдарлама жасау қажет - профессор Н.Төленбергенова

АСТАНА. 4 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Бір тіл - бір ел - бір тағдыр» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті.

Жиын барысында мемлекеттік тілді Қазақстан халқын біріктіруші басты фактор ретінде дамыту мәселесі талқыланып, тиісті ұсыныстар айтылды. Мәселен, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының «Тілдер және аударма ісі» кафедрасының профессоры Назигүл Төленбергенованың ойынша, еліміздегі тілді оқыту орталықтары үшін бірыңғай бағдарлама жасау қажет. «Бүгінгі таңда республика бойынша 150 оқыту орталығы бар. Солар үшін бірізді бағдарлама жасап, Тіл комитетінің тиісті нұсқауларын жіберсек, барлығы тілді оқытудың бірыңғай жүйесін қолданады. Ол жетілген бір әдістемені жасап шығару қажет. Қазақ тілін үйренбеймін деген адам жоқ. Бәрі өзімізге байланысты. Президент те мемлекеттік тілді дамытуға қажетті барлық жағдайдың жасалғаны туралы ылғи айтып отырады. Нормативтік база бар, қол жеткізген жетістіктер де жоқ емес. Алайда кемшіліктердің болып жатқандығын да мойындау қажет», - дейді Н. Төленбергенова.