Қазақ тілін өркендету өз қолымызда, әсіресе, жас ұрпақтың қажыры мен қайратында - И.Тасмағамбетов

АСТАНА. Қыркүйектің 21-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - «Қазақ тілін өркендету өз қолымызда, әсіресе, жас ұрпақтың қажыры мен қайратында», делінген Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың бүгін,

бас қалада өткен «Тілі бірдің - тілегі бір» атты мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт жастарының республикалық форумы қатысушыларына арналған хатында.

Құттықтау хатты Астана қалалық Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Оразкүл Асанғазы оқыды.

«Қазіргі таңда қазақ тілінің тағдыры көпшілікті толғандырып жүрген үлкен мәселелердің бірі. Осындай келелі мәселеге еліміздің өзге ұлт жастарының атсалысуы бізді қуантады. Қашанда бастамашыл, жігерлі, жасампаз жастардан ұсыныс-тілектер мен алымды ой барымдасын күтеміз. Әсіресе, тілегі бір жастардың өткір де өзекті пікірлері орыс тілді қазақ жастарына ой салады. Еліміздің Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының 14-ші сессиясында белгіленген міндеттерін орындау мақсатында өткізіліп отырған форумның жұмысы сәтті де табысты болсын. Елбасы барша қазақстандықтарды біріктірудің аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілді атап көрсетіп, қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайтыны, үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді», делінген онда.

И.Тасмағамбетовтың пікірінше, бұл мәселе баршаны ойландыру керек және бұл салаға әр азамат атсалысуы қажет.

«Қазақ тілін өркендету өз қолымызда, әсіресе, жас ұрпақтың қажыры мен қайратында. Бүгінгі жиында тіл жанашырлары, елшіл, отаншыл жастар оңтайлы шешім қабылдап, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде тағы бір қадап алға басады деп ойлаймын», - деген өз құттықтауында қала басшысы.