деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті мен Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігінің бірлесе ұйымдастыруымен қазанның 9-ы күні Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында «Тілі бірдің - тілегі бір» атты мемлекеттік тілді меңгерген басқа ұлт өкілдері арасында республикалық жастар форумы өткені белгілі. Осы форумға Парламент Мәжілісінің бір топ депутаттары да қатысты.
«Бұл форум мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің басқа ұлт жастарының арасындағы қолданылу аясын кеңейту, олардың тілді үйренуге деген ынта-ықыласын және қызығушылығын арттыруға бағытталған зор маңызы бар игі шара болды. Осы форумда қазақ тілінде сөйлеп, ой-пікірлерін, ұсыныстарын айтқан жастар еліміздің басқа ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді білудің мәнісі мен маңызын көрсетті деп ойлаймын. Бұл қазақстандық патриотизмді, ұлтаралық келісім мен татулықты нығайтудың бірден бір жолы деп білемін», деді депутат Нұртай Сабильянов.
Депутат осы форумда сөз сөйлеген Шығыс Қазақстан облысы, Зырян ауданының мемлекеттік тілді оқыту орталығының директоры Светлана Мнацаканованың, 7-ші телеарнаның журналисі Максим Рожиннің, Қостанай облысының Ұзынкөл ауданы К. Маркс ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Екатерина Резникованың, Алматы қаласы Қазақ Бас сәулет құрылыс академиясының студенті Александр Брянцевтің ұтымды пікірлерін алға тартты.
Мемлекеттік тіл - қазақ тілінің мәртебесін көтеруге қатысты Қазақстанда тұратын басқа ұлт жастарының ой-пікірі мен ұсыныстарынан кейін Үкімет тиісті түйін жасайды деген сенімі бар екенін айтқан депутат өзінің де бірнеше ұсынысын жеткізді.
Үкімет басшысына депутат: «1997 жылғы шiлденің 11-дегі «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» заңның 23-бабына сәйкес мемлекеттiк тiлдi белгiлi бiр көлемде және бiлiктiлiк талаптарына сәйкес бiлуi қажет кәсiптердiң, мамандықтардың және лауазымдардың тiзбесiн жасауды, Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді білу және мемлекеттік тілде іс-қағазын жүргізу талабын күшейтуді, барлық орта мектептерде қазақ тілін оқыту сабағын көбейтуді сұраймын», деді.