Қазақ тіліндегі балалар әдебиеті сын көтермейді - Сенатор Көбенов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ тіліндегі балалар әдебиеті сын көтермейді.

Бұл жайында бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында депутат Манап Көбенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері  бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңы жобасын талқылау барысында сенатор заң жобасы аясында мәдениет саласындағы уәкілетті органға қоғамдық маңызы бар әдебиетті сатып алу  жөніндегі жұмысты ұйымдастыру құзіреті берілетіндігін атап өтті.

«Бүгінгі күні балаларға арналған қазақ тіліндегі әдебиеттің жағдайы сын көтермейді деп айтуға болады.  Дүкен сөрелерінен мемлекеттік тілдегі балаларға арналған кітаптарды да таппайсың.  Барлық дүкендерде көршінің, басқа елдер баспаларының көздің жауын алатын әдемі безендірілген кітаптары  қойылған. Ертең соңымыздан кітап оқымаған ұрпақ қалдырмау үшін бұл мәселені бүгін шешкен жөн деп санаймын. Сұрағым, қызықты, мағыналы кітаптардың жоқтығын қалай түсінуге болады? Балаларға арналған кітаптар жағдайы қашан түзеледі?», - деп сұрады сенатор ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлынан.

Өз кезегінде министр елімізде қазақ тіліндегі балаларға арналған шығармалардың тым аз екендігін мойындады.

«Осы заң арқылы  арнайы шығармаларға тапсырыс беру мүмкіншілігін алатын боламыз. Заң қабылданғаннан кейін балаларға арналған жеке шығармаларға тапсырыс бере аламыз. Дегенмен қазірдің өзінде «Атамұра», «Аруна», «Алматы кітап» сынды баспалалардың балаларға арналған қазақ тіліндегі әдемі кітаптары бар», - деді Мұхамедиұлы.