Сол уақыттан бері бұл радио алыс-жақын шетелдегі көптеген тыңдармандардың көңілінен шығып келеді. Қытайдағы Орталық халық радиостансасы бес ұлттың тілінде сөйлейді. Соның бірі - қазақша. «Әуе толқынында орталық халық радиостансасы». Осыдан 43 жыл бұрын дәл осы сөзді Бейжіңде тұңғыш рет Нұрғайша Шәмелқызы мен Қабыкеш Салихұлы айтқан. Алғашында жарты сағат қана хабар таратқан қазақ радиосы енді әуе толқынына 18 сағат шықпақ, деп жазады 24.kz.
«Биылдан бастап біздің қазақ радиомызда секірмелі даму жарыққа шығып отыр. Бұл секірмелі даму дейтініміз ол 3 сағаттан 18 сағатқа ұзарып, арнаулы эфир болмақшы», - дейді Қытай орталық радиостансасы, Ұлттар радио орталығы басшысының орынбасары Қанатбек Жұмабай.
Бұған дейін қазақ бөлімінде 20 адам болса, бүгінде 34 адам жұмыс істейді. Редакцияға негізінен тіл факультетін бітірген жас мамандарды алған. Олар Бейжіңде біршама іс-тәжірибеден өткен соң Үрімшідегі бөлімшеге жіберіледі. Жастар әуе толқынын қызықты хабарларман толтырады деген үмітте.
Радио толқыны алыс-жақын шетелдердің бәрін қамтиды. Қазір 34 мемлекетте тыңдауға болады.