Естеріңізге сала кетейік, олимпиаданың on-line режимде өткен I кезеңінде ең жоғары ұпай алған жеңімпаз оқушылар 7-9 қаңтар аралығында елордада өткен қорытынды білім жарысында өз бақтарын сынасты. 2010 жылы Интернет желісі арқылы өткен І кезеңге республикадағы жалпы білім беретін мектептердің 5-10 сынып өзге ұлт оқушылары қатысқан болатын.
Ақтық кезеңге Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Костанай, Павлодар, Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік және Солтүстік Қазақстан облыстарынан, Астана қаласынан 48 оқушы қатысты. Олимпиада Дарынды балаларға арналған №2 Ақмола облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының базасында өтті.
Құрамына Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің оқытушылары мен Ұлттық тестілеу орталығының мемлекеттік тілді дамыту «ҚАЗТЕСТ» жүйесі басқармасының мамандары кірген қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар I, II және III дәрежелі дипломдар мен номинациялармен, мақтау қағаздарымен марапатталып бағалы сыйлықтарға ие болды.
Атап айтқанда, I дәрежелі дипломмен Оңтүстік Қазақстан облысындағы дарынды балаларға арналған №3 «Дарын» мектебінің 10 сынып оқушысы Фариза Сафронова марапатталса, II дәрежелі дипломдармен Маңғыстау облысының өкілі, Экономикалық лицейдің 10 сынып оқушысы Асият Бетиева, павлодарлық №1 мектеп-лицейдің 9 сынып оқушысы Ангелина Савенок атап өтілді.
III дәрежелі дипломдармен Наметова Нигара - 10 сынып, № 5 орта мектебі, Оңтүстік Қазақстан облысы, Исупова Людмила - 10 сынып, № 1 мектеп-лицейі, Павлодар облысы, Каримова Зарина - 10 сынып, «Сымбат» орта мектебі, Ақтөбе облысы марапатталды.
Ал «Мемлекеттік тілге деген құрметі үшін» аталымында Павлодар облысы, Екібастұз қаласының № 1 орта мектебінің 8 сынып оқушысы Мафтей Анна, «Мемлекеттік тіл - менің тілім» - Ақмола облысы, Көкшетау қаласының № 7 орта мектебінің 8 сынып оқушысы -Педченко Ирина, «Жеңіске деген талпынысы үшін» - Астана қаласының Н.Назарбаев интеллектуалдық мектебінің 10 сынып оқушысы Ким Александра мақтау қағаздарымен атап өтілді.