15:03, 11 Сәуір 2009
Қазақ тілінің байлығы мен құнары әлі мол екенін танытар кітап
АСТАНА. Сәуірдің 11-і. ҚазАқпарат / Нұрлан Нұрахметұлы / - Жақында ғана елордамыздағы М. Горький атындағы орыс драма театрында «Сұлтан Бейбарыс» атты қойылымының тұсаукересі табысты өткен жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың таяуда «Өлке» баспасынан «Дауысыңды естідім» атты жаңа кітабы жарық көрді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабеков қаламгердің соңғы жылдары жазған әңгімелері мен хикаяттары енген аталмыш жинағына жазған алғысөзінде «Ақырамаштың кезінде қуаң тартқан даладай қазақ сөзінен сән кете бастаған осындай кезеңде Рахымжанның «Дауысыңды естідім» деген жаңа жинағы сол далаға сән беріп, тіл жұтаңдығынан көңіліңді торлай бастаған уайым тұманын сейілтіп, қазақ тілінің байлығы мен құнары әлі мол екенін танытар кітап болғалы тұр», - деп ағынан жарылып, риясыз пікірін білдіріпті. Қаламгердің жаңа кітабына «Дүние ғайып» атты хикаяты мен «Махамбет пен Пушкин», «Бәйтерек», «Алтын», «Ыстықкөл» және басқа да әңгімелері еніп отыр.