«Этносоциология ілімінде тілдердің бәсекелестігі, тілдердің нарығы, оппозициясы деген ұғымдар бар. Бүгін Қазақстанда бәсекеге қабілетсіз, тілдің нарығында сұранысқа онша ие емес, әлсіз - бұл қазақ тілі. Ал бәсекеге қабілетті, қазақ тіліне оппозиция - бұл орыс тілі. Қазақ тілі қуатты болмай, біздің тәуелсіздігіміздің өзі бұл күмәнді дүние», - деді А. Айталы.
«Сондықтан, мен бағдарламадағы үшінші және кейінгі беттерінде «орыс тілінің бүгінгі қызметін сақтау» дегенді түсінбедім. Бұл пікір - орыс тілінің басымдылығы сақтала береді деген сөз», - деп тоқтала келе А. Айталы: «Мәселенің мәнісі, орыс тіліне қарсылықта емес. Орыс тілін жасанды түрде өмірден ығыстыруға да, қолдауға да болмайды. Объективті өзінің сұранысына қарай дамуы керек. Ал енді мемлекеттік тілді қолдасақ, атап айтқанда орыс тілінің қызметі бүгінге дейін әлсіреді және әлсірей береді, бұл - заңдылық. Бірақ бір мемлекетте екі тілдің билігі болмайды», - деді А. Айталы. Осы тұрғыда ғалым өзге елдерде бір тілдің ғана үстемдігі қолданылатынын айтып өтті.