Қазақ тілінің тұңғыш рет БҰҰ мінберінен естілуі Елбасының нағыз тіл жанашыры екенін көрсетеді - Р.Халмұрадов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ тілінің тұңғыш рет БҰҰ мінберінен естілуі Елбасының даналығы мен даралығын, ана тілінің нағыз жанашыры екенін көрсетеді. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Розақұл Халмұрадов осылай мәлімдеді.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл әлемге өз ойын қазақ тілінде жеткізді. БҰҰ-ның ресми тілдері ретінде ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тілдері бекітілген болса да, сол ресми тілдің біреуі - орыс тілін жетік білетін болса да Елбасы әлемдік мінберден Ұлы Дала елінің тілінде сөйледі. Дүниежүзі көз тіккен осынау алқалы жиында Президент қазақ тілінде сөйлеп, мерейімізді тасытып қана қоймай, қасиетті қазақ тілінің құдыретін әлемге танытты. Күллі әлем Елбасының арқасында жұмыр жер бетінде Қазақстан деген мемлекет барын ғана емес, оның рухты, әуезді, ғажап тілі бар екенін де біліп, соған куә болды. Тіл қай кезде болмасын мемлекеттің ең асыл қасиеті, табан тірейтін тұғырлы темірқазығы. Қазақтың сары даласы қандай кең болса, тілі де сондай бай. Әлемдік мінберде мұны Елбасы тағы бір дәлелдеді», - деді Розақұл Халмұрадов.

Оның айтуынша, қазақ тілі тұңғыш рет БҰҰ мінберінен естілуі Елбасының даналығы мен даралығын, ана тілінің нағыз жанашыры екенін көрсетеді.

«Мемлекет басшысының осы әрекеті бірінші кезекте Үкімет мүшелеріне, Ұлы дала елі Парламентінің депутаттарына - біздерге үлгі болуы тиіс. Мемлекеттік тілді білмейтіндерге амал жоқ. Олар тілді жайлап үйрене жатар. Ал білетін бәріміз алдағы уақытта қазақ тілінде сөйлеп, оның мерейі мен мәртебесін көтеруге атсалысайық!» - деді депутат Розақұл Халмұрадов.