- Рашад, сұхбат беруге келіскеніңе рахмет. Алдымен өзіңнің өмірің жөнінде айтып өтсең ?
-Мен Орал қаласында дүниеге келдім. Әкем Рагим Мамедов – әзербайжан, анам Светлана Ковалёва орыс. Ес біліп, есейгеннен бері «Бірлік» әзербайжан этномәдени бірлестігінің жастар қанатында, Ассамблея құрамында қоғамдық жұмыстарға атсалысып келемін.
Кейінгі жылдары Ұлыбританияда саясат және халықаралық қатынастар мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Соңғы кезде пандемияға байланысты оқу онлайн түрінде өтуде. Сондықтан Ассамблея мен «Бірлік» қоғамына көбірек көңіл бөлудемін. Ассамблеяда әр халық өкілдері өз мәдениетін, салт-дәстүрлерін дамыта алады. Түрлі іс-шаралар да баршылық. Өзіміздің сүйікті қаламыз – Оралды жасылдандыру, жастарды жұмысқа орналастыру және қайырымдылық шараларына қатысуды борышымыз деп білемін. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай бірқатар телебағдарламаларда сөз сөйлеп, Назарбаев зияткерлік мектебінде, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерімен бірге қалада ғана емес, ауылдарда болдым. Бұл барша қазақстандықтар үшін маңызды күн деп есептеймін. Қолым боста әкемнің мейрамхана бизнесін жүргізуіне көмектесемін.
- Алдағы арман-мақсаттарың жөнінде не айтар едің ?
- Шет елде оқып жатсам да, онда ұзақ қаламын деп ойламаймын. Өйткені олардың менталитеті, дүниетанымы мүлде бөлек. Білім алып, мамандығымды меңгерген бойда елге пайда келтіріп, өзіміздің Қазақстанның дамуына үлесімді қоссам деймін. Бұл қолымнан келеді деп ойлаймын.
- Қандай хоббилерің бар, нені ұнатасың ?
- Оқуыма қарамастан, саяхаттағанды жаным сүйеді. Бірнеше елде болып үлгердім. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері әлемнің көптеген елдерімен тығыз қарым-қатынас орнатты, соның нәтижесінде кез келген мемлекетке баруға, виза алуға мүмкіндік бар. Табиғатты да өте жақсы көремін. Қазақ елінде әдемі жерлер аз емес. Біздің Батыс Қазақстан облысының өзінде орман-көлдер, өзен-сулар, далалық жерлер, құм төбелер жеткілікті. Сондықтан шет елге шықпасам, туыстарыммен бірге өңірді аралаймын. Саңырауқұлақ, жеміс-жидек теріп, балық аулаймын. Ең бастысы, табиғатқа залал келтірмей, қоқыс қалдырмау керек. Сондай-ақ тарихи кітаптарды оқып, тарихи фильмдерді көргенді ұнатамын.
- Рашад, қазақ тілін білетін боларсың ?
- Әрине, қазақ тілін тым-тәуір білемін деп ойлаймын. Ол үшін Оралдағы беделді білім ордаларының бірі - №35 мектеп-лицейде оқытқан ұстазым Айнаш Ниетоваға алғысымды білдіремін. Айнаш Серікқызы менің білім деңгейімді көтерді. Орыс тілінде білім беретін мектеп болғанына қарамастан, біз қазақ тілі мен әдебиетін де барынша меңгердік. Мен өзім гуманитарлық пәндерге жақын болдым. Барлығы бес тіл: қазақ, орыс, әзербайжан, түрік және ағылшын тілдерін білемін. Ұлтаралық қатынас тілі дегенге келсем, ол қазақ тілі болуы тиіс деп білемін. Өйткені қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Бұған қазақстандықтардың басым бөлігі келіседі деп ойлаймын. Уақыт өте келе солай болады деп есептеймін. Ол үшін мемлекеттік құрылымдар және ең бастысы, біз, қазақстандықтар, өзіміз бұған көбірек күш салып, назар аударуға тиістіміз. Әсіресе, жастар мемлекеттік тілді меңгеруге ынталы болуы керек. Әрине, орыс тілі үстемдік құрған мерзімде өмір сүрген жасы келген адамдарға тіл меңгеру қиынға түсетін шығар. Дегенмен елімізде бәрі де емін-еркін тұрып жатыр, бірлігіміздің арқасында талай асу-белдерден аман-есен өтетінімізге сенемін.
- Қазақ және әзербайжан тілдерінің түркі тілдер екендігі белгілі. Бір-бірімен ұқсастығы, айырмашылықтары қандай деп ойлайсың ?
-Иә, әзербайжан тілі оғыз тобына жатады, онда дыбыстар жұмсағырақ естіледі. Қазақ тілі қыпшақ тобына жататындықтан, дыбысталуы қаттылау болып келеді. Дегенмен екеуі де түркі тілі болғандықтан, түп-тамыры бір ғой. Әзербайжан тілін білгендігім қазақ тілін меңгеруіме көп көмектесті. Өйткені ұқсастықтары көбірек деп білемін. Мағыналас сөздер көп, тіпті грамматикасы мен сөз бен сөйлемді құрау тәсілдері де өте ұқсас болып келеді.
- Қазақстан мен Әзербайжан елдерінің өзара байланысы, қарым-қатынасының түп-тамыры тереңде жатыр. Бұған Әзербайжанда сақталып қалған Қазақ ауданын мысалға келтіруге болады. Бұл жөнінде не айтар едің ?
- Әзербайжанда Қазақ ауданы бар. Әзербайжан елінде саяхаттап жүргенде, онда бір мәрте болдым. Табиғаты өте әдемі жерде орналасқан. Айнала орман көмкерген таулар, сарқырама сулар, жасыл жайлау. Тарихтан білетінім, ХV ғасырда осы жерлерге өзін қазақпын деп атаған түркі тайпалары келіп қоныстанған. Қазақ жеріндегі сияқты, олар кейін осы аумақта өздерінің қағанатын құрған. Қазақ атауы содан қалған болуы керек. Түркі халықтары бір-бірімен өте ұқсас, мидай араласып кеткен. Сондықтан түркі халықтары алдағы уақытта да барлық саладағы ынтымақтастықтарын дамыта берулері керек деп санаймын.
Қазақстан туралы айтсам, көп ұлт өкілдері тұратын, көп дінді қоғамда жан-жақты дамыған мемлекет құру оңай емес. Соған қарамастан, бұған қол жеткізуге болатынын Қазақ елі дәлелдей білді. ҚХА секілді ұйым әлемде, тіпті Еуропа елдерінде жоқ деп ойлаймын. Көптеген ұлттар жекелеген жабық аудандарда тұрып жатыр. Ал бізде барлық ұлт өкілдері қоян-қолтық, бірлік салтанат құрған елде өмір сүруде. Соның нәтижесінде көптеген салада табыстарға қол жеткіздік. Дегенмен әлі де көп жұмыс жасау қажет. Еліміздің одан әрі дамып, гүлденуі үшін жұмыла еңбек ету керек деп білемін. Бірлік мерекесі құтты болсын! Бәріңізге бейбіт өмір, тыныштық пен келісім тілеймін.
-Әңгімеңе рахмет. Өзіңе де барлық ойлаған арман-мақсаттарың орындалып, алдағы өмір жолыңда табыстарға қол жеткізуіңе тілектеспін.