— «Халықаралық Қазақ тілі қоғамы» қазір үш негізгі бағытқа басымдық беріп отыр. Біріншісі — қазақ тілін оқыту әдістемесі, яғни балабақшада, мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында қазақ тілін қалай тиімді оқытуға болатынына назар аударып отырмыз. Өйткені Қазақстан азаматтарының барлығы қазақ тілін оқитын бір ғана орта бар. Ол — білім беру жүйесі. Сондықтан осы алтын уақытты тиімді пайдалана білуіміз керек. Біздің есептеуімізше, жас азамат балабақшаға барғаннан бастап мектепті аяқтағанға дейін шамамен 1200 сағат тіл үйренеді екен. Сол 1200 сағатты барынша тиімді пайдаланып, кемінде 1200 сөзді меңгеріп, оларды ауызекі сөйлеуде, күнделікті қарапайым қарым-қатынаста қолдана алуы керек. Бұл бағытта атқарылатын жұмыс көп. Халықаралық әдістемелерді зерделеу, технологияларды қолдану, мұғалімдерді ынталандыру қажет. Осы мәселелер бойынша Оқу-ағарту министрлігімен, Ғылым және жоғары білім министрлігімен, сондай-ақ осы іске жанашыр ұстаздармен және басқа да әріптестермен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз, — деді ол.
Оның айтуынша, екінші үлкен бағыт — қазақ тіліндегі мазмұнды көбейту және оның сапасын арттыру. Балалардың тілі қазақша шығуына көмектесетін қарапайым балалар әдебиетінен бастап, күрделі ғылыми және іскерлік әдебиетке дейінгі барлық мазмұн қазақша сөйлейтін және қазақша сөйлегісі келетін ортаға ашық әрі қолжетімді болуы тиіс.
— Бұған медиа өнімдер де кіреді. Анимациялық фильмдер, ересектерге арналған фильмдер, деректі туындылар — мұның барлығы қазақ тілінде болуы керек. Егер мұндай мазмұн жеткіліксіз болса, қазақ тілінде сөйлейтін адамның тұлға әрі маман ретінде қалыптасып, дамуына мүмкіндік азаяды. Өйткені ол өзіне қажетті ақпаратты ана тілінде таба алмай, басқа тілдегі мазмұнға жүгінуге мәжбүр болады. Сондықтан біз қазақ тіліндегі әдебиеттерді шығаруға, аударуға және таратуға көңіл бөліп отырмыз. Сонымен қатар балалар көретін Disney, Pixar, Sony, Marvel сияқты студиялардың фильмдерін серіктестермен бірлесіп сапалы дубляждау бағытында жұмыс істеп келеміз. Соңғы екі жылда осы студиялармен бірлесе отырып, фильмдердің қазақша нұсқаларын әлемнің 40-қа жуық тіліндегі нұсқаларымен бір мезгілде ұсынуға күш салып жатырмыз. Осы уақыт ішінде 15 шақты фильмнің қазақша нұсқасы жарық көрді, — деді қоғам президенті.
Ол үшінші үлкен бағыт ретінде технологияларды атады.
— Қазір қалтамыздағы телефондағы кез келген қосымша мен күнделікті қолданатын түрлі технологиялық шешімдер қазақ тілінде жұмыс істеуі керек. Осы бағытта біз кезінде Уикипедияның қазақша нұсқасын дамытып, оның ауқымын кеңейттік. Кейін Google аудармашысына қазақ тілін қостық. Одан соң ірі халықаралық кітапханалардың мазмұнын қазақ тілінде қолжетімді етуге күш салдық. Қазір OpenAI компаниясымен бірлесіп, ChatGPT-дің қазақ тілінде сауатты жауап беруіне, қазақтың мазмұнын, тарихын, әдебиеті мен мәдениетін тереңірек білуіне бағытталған жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Бұл үшін өз күшімізбен қажетті ауқымды деректер қорын жинадық. Сонымен қатар цифрлық лингвистика деп аталатын жаңа салаға қадам басып, осы бағытта мамандарды оқытып, даярлап жатырмыз. Осылайша, үш негізгі бағытты — қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіруді, қазақ тіліндегі мазмұнды дамытуды және технологияларды қазақшалауды қатар алып келе жатырмыз, — деді Рауан Кенжеханұлы.
Бұдан бұрын Рауан Кенжеханұлы кемел ұлт дегеніміз — өзін ешкімнен кем санамайтын, қор тұтпайтын ұлт екенін айтқан еді.