– Қазақ тілі пәніне бөлінген сағат саны қолданыстағы үлгілік оқу жоспарларына сәйкес жүргізіледі. Сондықтан қазіргі кезеңде негізгі назар пән сағатын механикалық түрде көбейтуге емес, оқу бағдарламасының мазмұнын, оқыту әдістемесін және әр сабақтың нәтижелілігін арттыруға бағытталған, – деп мәлімдеді ҚР ОАМ.
Министрліктің хабарлауынша, 2016 жылға дейін қолданылған білім беру стандарттарында грамматикалық білімге басымдық берілді. Ал қазіргі бағдарламаларда грамматиканы меңгертумен қатар оқушылардың коммуникативтік дағдыларын, сөйлеу мәдениетін, оқу және жазу сауаттылығын дамытуға ерекше мән беріледі. Орфография, морфология және фонетика бағыттары да оқу мазмұнында тиісті деңгейде қамтылған.
– Қазіргі уақытта 1–4-сыныптардағы тілдік пәндердің мазмұны қайта қаралып, баланың өз ойын еркін және жүйелі жеткізуіне, мәтінді түсініп оқуына, талдауына және сауатты жазуына бағытталған тапсырмалар күшейтілді. Бастауыш сыныптарда енді баланың тек оқу жылдамдығына емес, оқыған мәтінінің мазмұнын түсінуіне және оны өз сөзімен жеткізе білуіне басымдық беріледі, – делінген ресми жауапта.
Толығырақ айтқанда, жазу сауаттылығын арттыру мақсатында диктант, мазмұндама және шығарма аралық бақылау жүйесіне нақты талаптарымен бірге енгізілді. Олардың көлемі, тақырыптары мен бағалау өлшемдері білім алушылардың жас ерекшелігіне және оқу мақсаттарына сәйкес айқындалады.
Сонымен қатар министрлік берген ақпаратқа жүгінсек, оқу бағдарламаларын жетілдіру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады. Қазір 5–9-сыныптарға арналған бағдарламалар қайта қаралып жатыр. Бұл жұмыс барысында коммуникативтік тәсілді, оқу сауаттылығын, жазылым мен сыни ойлау дағдыларын дамыту бағыты сақталады.
Одан бөлек, білім алушыларға ұсынылатын қосымша көркем әдебиеттер мен шығармалар тізімі қайта қаралып, жаңадан жасалады. Мұндағы негізгі мақсат – балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру, сөздік қорын байыту, әдеби тіл нормаларын меңгерту және сөйлеу мәдениетін қалыптастыру.
– Оқу бағдарламаларын жетілдіруге Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ғалымдары мен сарапшылары, сондай-ақ қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің практик педагогтері қатысады. Олардың қатысуымен оқу бағдарламаларының мазмұны мен оны іске асыру тетіктері бойынша кешенді жұмыс жүргізілді, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін мектеп оқулықтарының қайта жазылуы сапаға қаншалықты әсер ететінін жазғанбыз.