Қазақ тілі стандартын жасау керек – Назгүл Қожабек
АСТАНА. KAZINFORM – «Калькасыз қазақ тілі» жобасының авторы, аудармашы, филолог Назгүл Қожабек Kazinform агенттігінің BIZDIÑ ORTA подкасында қазақ тілінің стандартын әзірлеуді ұсынды.
– Қазақ тілінің қазіргі жағдайында бізге бар жағынан кешенді жұмыс керек. Мектептердегі қазақ тілі сабағын жолға қою, басқа тілде оқытатын мектептердегі қазақ тілінің жұмысын реттеу, мұғалімдерді даярлау, оқыту қажет. Жалпы тіл саласындағы мамандарды бөліп оқыту керек, яғни мұғалім десе, маманды сол бағытта даярлау, аудармашы боламын десе, аудармашылықтың методикасын, іс-қағаздарын жүргізетін маман ба сол бағытта машықтану қажет. Бізде филологияны бітірген маман бәрін істей алады деген жаңсақ ой бар. Ол мектепке барып сабақ та бере алады, әкімдікке барып іс-қағаздарын да аудара алады, баспаға барып көркем әдебиетті де аудара алады, медиаға барып мақалада жаза алатын болады, - деді Назгүл Қожабек сұхбаттасу сәтінде.
Осы орайда тіл жанашыры қазақ тілінің стандарты керектігін тілге тиек етті.
– Өте үлкен жұмыс – стандарт. Стандартты қалыптастырсақ, өз білем ғой дегеннің жолын кесіледі. Мысалы, ел ішінде қатынайтын қазақстандық әуе компанияларда ұшар алдында айтатын нұсқаулықта «белдемше» сөзін әртүрлі қолданады, бөлек, бір-біріне ұқсамайды. Ал ағылшын тілінде, орыс тілінде оның бәрі стандартпен бекітілген. Қазақ тілінде бір жерде «белдемше», екінші жерде «белдік», тағы біреуі «белбеу» деп қолданады, - дейді маман.
Айта кетсек, «Қазақ тілінің ұлттық сөздік қоры» ақпараттық жүйесін қалыптастыру қағидасы әзірленді.
Сондай-ақ, биыл күзде қазақ тілін тегін үйрететін жасанды зейін қосымшасы қолданысқа беріледі.
Еске салсақ, биыл Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы қазақ тілінде түсірілген мультфильмдер көп болуы қажеттігін айтты.