— «Халықаралық Қазақ тілі қоғамының» эндаумент қоры құрылды. Қазір қорға 830 миллион теңгеге жуық қаражат жиналды. Қорды басқарып отырмыз. Түскен қаражат есебінен жоғарыда айтылған жобалардың барлығын жүзеге асырып жатырмыз. Біз осы уақытқа дейін мемлекеттен ешқандай қаражат алған жоқпыз. Жиналған қаржының барлығы — кәсіпкерлердің қолдауы. Президент эндаумент қорына алғашқылардың бірі болып өз қаражатынан 7 миллион теңге салды. Содан бері біз Президенттің бастапқы үлесін 100 еседен астам арттыра алдық. Қорға елдегі кәсіпкерлер де үлес қосып жатыр, — деді ол.
Оның пайымынша, қазір бизнестің де, мемлекеттің де, басқа да ортаның тілге деген ниеті мен көзқарасы өте жақсы.
— Тек осы жұмысты абыройға нұқсан келтірмей, түрлі келеңсіздікке жол бермей, байыппен, ашық әрі жария түрде, сапалы жобалар арқылы жүзеге асыруды үйренуіміз керек деп ойлаймын. Осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Қоғамның барлық өңірде филиалдары бар. Бұдан бөлек, жылдан-жылға жалғасып келе жатқан «Ана тілі» олимпиадасы, «Жарқын болашақ» олимпиадасы, «Ұлттық диктант» сияқты жүйелі жобаларымыз бар. Бұл бастамалар да тоқтап қалмай, жыл сайын жалғасып, жаңарып, ауқымын кеңейтіп келеді, — деді ол.
Бұған дейін Рауан Кенжеханұлы қазақ тілін дамытудың үш бағытын атады.